Оттан абай болайық – алда жылыту маусымы!

Өңірімізде жыл басынан бергі 9 айда 954 өрт тіркелді. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен (824) салыстырғанда 13,5%-ға артық. Тілсіз жаудан қаза тапқандар саны – 23, жарақат алғандар – 21 адам. Келген жалпы шығын 164,5 млн теңгеден асады. Осы және алдағы жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігінің алдын алуына қарсы жүргізіліп отырған шаралар жөнінде облыстық ТЖД бастығы Талғат Кәкімов тілшілермен өткен брифингте мәлімдеді.IMG_0533
Аймағымызда 75 мыңнан астам жеке және 3 мыңнан астам көп қабатты үй бар. Олардың 65%-ы от жағып отыр. Қызыл жалынның 63,8%-ы (609) жеке секторларда тұтанады. Көліктің де жануы сирек емес – 116 (12,2%) өрт тіркелген.
– Өрттің негізгі себебі – адамдардың абайсыздығынан (552 өрт немесе 57,9%). Электр жабдықтарын монтаждау және көшіру кезінде 151, пеш орнату және іске қосу кезінде 89 өрт шықса, қасақана 42 от қойылды, – деді Т.Кәкімов.
Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында көп балалы, аз қамтылған, жалғызбасты мүгедектер, зейнеткерлер мен ата-ананың қамқорынсыз қалғандардың баспаналарына барып, қауіпсіздік шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұған аудан-қалалардың азаматтық қорғаныс, әкімдік, полиция және әлеуметтік қызмет өкілдері жұмылдырылған. 9 қазанға дейін өңірлік бөлімшелердің қызметкерлері әлеуметтік аз қамтылған 6107 отбасының 3111-іне барып, өрт қауіпсіздігіне тексеру жүргізген кезде 302 өрескелдікті анықтапты.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓