Екі қолға – бір күрек
Рудныйлық Жұмыспен қамту орталығының құрылғанына биыл 5 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында мемлекеттік мекеменің көмегіне 4 мыңнан астам адам жүгініп, оның 1350-і тұрақты жұмысқа орналасты. Тағы 534 қала тұрғыны кәсіптік оқыту курстарынан өтсе, 9 адам өз кәсібін ашу үшін жеңілдетілген несиелерге ие болды.
Орталықтың директоры Елена Рублеваның айтуынша, 2016 жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде мыңға тарта рудныйлық «екі қолға бір күрек тапқан». 41 адам еңбек нарығында зор сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытуға, 40 түлек жастар практикасынан өтуге жіберілді.
– Қазіргі экономикалық қиын кезеңге қарамастан апта сайын 300-ге тарта бос жұмыс орны жарияланады. Біз қырыққа қарта жұмыс беруші компаниялармен тығыз қарым-қатынастамыз. Олардың ішінде «ССКӨБ» АҚ, «Рудныйлық цемент зауыты», «Рудныйсоколовқұрылыс», «Казогнеупор зауыты», «Казмеханомонтаж», «Рудрем», «Жас қанат» серіктестіктері, қаламыздың оқу орындары мен медициналық мекемелері бар, – дейді ол.
Бүгінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын кезең-кезеңімен сәтті жүзеге асырудың арқасында Рудныйдағы тіркелген жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халықтың 0,2 пайызын ғана құрайды. Бұл 160 адамның төңірегінде деген сөз.
– Дегенмен тіркелмеген жұмыссыздық деңгейі бірнеше есе жоғары екені анық. Сондықтан өз бетінше жұмыс істеп сабылған қала тұрғындарын орталықтың көмегіне жүгінуге шақырамыз. Біздің мамандар жұмысқа орналастыруға, қайта оқыту мен біліктілікті арттыруға, бизнестің табысты түрлерін ашуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Себебі тұрғындардың екі қолына бір жұмыс тауып беру – біздің басты міндетіміз, – дейді Елена Мстиславовна.
«Жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесі Пионерская көшесіндегі №21 үйде, 8,9,10,11 кабинеттерде орналасқан. Анықтама үшін телефондар: 2 44 94, 2 44 91.