Қор көмегі – 50 мың
Қостанай және Рудный қаласының әлеуеттік жағынан аз қамтылған тұрғындары аймақтық «Birgemiz Qostanai» қоғамдық қорынан 50 мың теңге көлемінде төлемдер алды.
Ел аумағында енгізілген төтенше жағдайда әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға көмек көрсету мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры құрылған еді. Мақсаты – қазіргідей қиын жағдайда аса мұқтаж жандарға материалдық тұрғыда көмек көрсету. «Birgemiz» ҚҚ шеңберінде аймақта «BirgemizQostanai» қоры ашылды. Төрағасы Сералы Ахметов айтқандай, бір реттік материалдық көмек сомасы 50 мың теңгені құрайды. Біздің облысымызда қордан көмек Қостанай және Рудный қаласы тұрғындарына көрсетілді. Жергілікті атқарушы органдар мен жұмыспен қамту бөлімдері аз қамтылған отбасыларды тізімін жасаған.
– Бүгінде көмек алған азаматтар саны 5681 адамға жетті. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, 1 топтағы мүгедектерге, мүгедек бала асырап отырған отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал топтарының тізіміне енгізілген зейнеткерлерге, тұл жетімдерге осындай көмек көрсетілді. Бұл жұмыстар жалғасады, – дейді қоғамдық қордың төрағасы.
Төлем алған жандардың бірі – қала тұрғыны Мария Пасекан. Ол үш қызын жалғыз тәрбиелеп отыр. Балаларының кішісі – 1 топтағы мүгедек.
– Балаларымды жалғыз өсіріп-бағуға мәжбүрмін. Кішісі ДЦП дертінің аса қауіпті түріне шалдыққан. Осы ретте Елбасының бастамасымен қоғамдық қор құрылғанын естідім. Өтінім беріп көрдік. «Nur Otan» партиясының тізіміне еніп, есеп-шотыма 50 мың теңге төлем түсті. Бұл осындай қиын сәтте үлкен қолдау болды, – дейді Мария Пасекан.
Қасқырбай Қойшыманов
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков