Қант тағы қымбаттады
Осыдан бірер апта бұрын құмшекердің келісі 270-280 теңгеден сатылса, қазір дүкен сөрелеріндегі оның бір келісі 340 теңге тұрады. Тіпті, кейбір сауда нүктелерінде қант жоқ.
Әлбетте жаз мезгілінде қантқа сұраныс артатыны белгілі. Бұл жылда қайталанатын жағдай. Әсіресе, тосап немесе тәтті сусындар қайнату үшін қала тұрғындары қантты қапшықтап сатып алады.Сондықтан жұрттың көбі қазір табандарынан таусылып қант іздеп әлек.
Баға неге бұлай құбылды? Оны дүкен иелері өздерінше түсіндіруге тырысты. Сауда иелері осыған дейін құмшекерді Складскойдан сатып алса, қазір онда да бір түйір қант таба алмайсыз. Сондықтан, тауарды орталық базардан алуға мәжбүр көрінеді .
-Базарда жекеменшік сатушылар қанттың келісін 290 теңгеден сатып жатыр. Сол жерден екі қапшығын бірден алдық. Әлгі бағаға біз өзіміздің 17% үстемемізді қостық. 340 теңге осыдан шықты. Складскойда қант мүлде жоқ. Өздеріңіз барып, көз жеткізулеріңізге әбден болады,-дейді дүкен иесі.
Расында да Складскойдағы көтерме және бөлшек сауда базасында қант мүлде жоқ. Мұндағылар тауар тек Алматыдан ғана жеткізілетіндігін айтады. Оның қашан әкелінетіндігі бәймәлім. Есесіне осындағы шағын сауда нүктелерінде қант сықасып тұр. Керегінше сатып алуыңызға болады. Бағасы да дүкендегіден анағұрлым арзан, бір келісі-295 теңге.
Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті өкілдерінің айтуынша, ведомство апта сайын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын үнемі қадағалап отырады. Жалғыз Қостанайда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде қант бағасы қымбаттапты. Оған басты себеп, негізгі қант өндіруші «Орталық Азия Қант Корпорациясы» ЖШС-нің өзінде баға өскен. Ал құмшекер өндірушілер мұны шикізат құнының өсуімен байланыстырады.
Табиғи монолияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Агенттігінің облыс бойынша департаменті жетекшісінің орынбасары Азамат Әубәкіров: « Шындығында да қала дүкендерінде ептеп қант тапшылығы сезіледі. Өйткені, қант өндірушілер облысқа қажетті тауарды толық жөнелтпеген»-дейді.
Оның айтуынша, өндірушілердің бір келі қантқа қойған бағасы-255 теңге. Қалғанын кәсіпкерлер жолдан қосады. Сондықтан, департамент мамандары қазір тауар тасымалдаушылар мен сатушылардың бағаны не себепті көтергенін жан-жақты тексеріп жатыр.
Әлібек ЫБЫРАЙ