Тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарылған

Қостанайда медбикені үй кезегінен шығарып тастаған әкімдік шарасын сот заңсыз деп таныды. Бұл туралы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.
«Қостанай қалалық сотында қала тұрғынының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж жандарды кезектен шығару туралы әкім үстінен түсірген шағымы жөніндегі азаматтық іс қаралды», – делінген хабарламада.
Әйел тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж бюджеттік ұйым қызметкері ретінде 2005 жылы есепке  тұрған. Өз баспанасы болмағандықтан, «Алтын дала» мешітінде өмір сүреді. Алайда тұрғын үй комиссиясының шешімімен, әйел 2015 жылы кезектен шығарылды. Себебі, кезекке тұрған жылдары әйелдің екі ұлы баспаналы болған, баспана өздеріне толық тиесілі.
 «Кезекке тұрған сәттен кейін 10 жыл өтті, ұлдарым өсіп, отбасын құрды, әрқайсысының өз отбасы, өз баспанасы бар, – деді шағым түсіруші. – Менің ешқандай баспанам жоқ».
Нәтижесінде сот азаматшаның кезектен заңсыз шығарылғанын, жауапкер шешімі ҚР «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңының талаптарына сай келмейтінін және ҚР «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңының 67-бабына сәйкес, баспанамен қамтамасыз етуге өтініш беруішінің құқықтары бұзылғанын мәлімдеді.
«Сот азаматша Ш. тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж жандар тізімінен шығару туралы қала әкімінің ісін заңсыз деп таныды, – деп хабарлады баспасөз қызметі. – Сондай-ақ, сот Қостанай қаласының әкімін жіберілген кемшілікті дұрыстауға, бұзылған құқықты қалпына келтіруге міндеттеді». 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓