Егіс науқынына дайындық барысы
Арқалықта қала әкімі Ғ. Бекмұхамедовтың төрағалығымен ауылшаруашылық қызметкерлерінің кеңесі өтті. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары С. Сағындықов, қаланың мекеме басшылары, қалаға қарасты ауыл және ауылдық округтердің әкімдері, ЖШС директорлары, шаруа қожалықтарының басшылары алқалы жиынға қатысты.
Қала әкімінің орынбасары Е.Теменовтің сөзіне сүйенсек, Арқалық өңірі биылғы жылы 288,926 мың гектарға дән сіңірмек. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4295 гектарға артық. Биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін үкіметтен 4376 тонна (1 литрі – 84 – 85 теңге) арзандатылған жанар – жағар қарастырылып отыр. Алда тұрған басты міндет жерге сапалы тұқым сіңіріп, науқанды дер кезінде аяқтап шығу. Бұл меже алдағы мамыр айының 18 – 28 аралығы деп белгіленген.
Жарыссөзде Арқалық тәжірибе стансасының директоры С. Гачкайло аймақтағы көктемгі дала жұмыстарын ағымдағы жылдың ерекшеліктеріне сай ғылыми-әдістемелік жұмыстарға сүйене отырып, қарекет жасау қажеттігін алға тартты. Қалалық ветеринария және агроөнеркәсіптік кешеніндегі инспекция бөлімдерінің басшылары Б. Шәймерденов пен С. Жармағамбетовтер эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шаралар жүргізу және ауыл шаруашылығы өсімдіктерін қорғаудағы фитосанитарлық шаралар жүргізу жөніндегі жоспарларын тарқатты.
Сондай – ақ, келелі кеңесте "Агромашхолдинг" АҚ, "Агрохим" ЖШС облыстық филиалдарының өкілдері сөз алып, ауылшаруашылығы қызметкерлерін тың ақпараттарымен қамтыды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.