Есірткі тасушы құрыққа түсті
Қостанай облысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде есірткі жеткізумен айналысқан 23 жастағы күдіктіні ұстады.
Ол облыс орталығында көп пәтерлі үйлердің бірінің ауласында ұсталды. Күдіктіні тінту кезінде қызыл түсті ұнтақ салынған екі полиэтилен пакет тәркіленді. Сараптама ол заттың "Психотроптық А-PVP" есірткісі екенін көрсетті. Жалпы салмағы 20,08 грамнан асады.
"Осы факт бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Айыпкер бар мүлкі тәркілене отырып, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі таңда жедел тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр",- дейді облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.