Соттардың жұмысы қалай?
Облыстық сотта аудандық және қалалық сот төрағаларының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Онда үстіміздегі жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар барысы талқыланды.
Ағымдағы жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштерге сүйенсек, облыс соттарымен 59254 сот істері аяқталып, бұл көрсеткіш 2013 жылдың осы кезеңі-мен салыстырғанда 4096 артық. Ал, азаматтық істер мен материалдардың саны 25,1 пайызға өссе, керісінше әкімшілік іс 2703-ке және қылмыстық істердің саны 677 іске азайған. Сондай-ақ, азаматтық істерді қарау ісі 0,1 пайызға өсіп, сырттай қаралған істер саны 74,3 пайызға, кері қайтарылған және қабылдаудан бас тартылған істердің саны 6,7 пайызға азайған, медиаторлардың қатысуымен бітімгершілік рәсімдерді қолданумен қаралған істер 2,3 есеге көбейген.
Мәжіліс барысында облыстық соттың төрағасы аудандық, қалалық соттарға сапалы және жедел түрде сот төрелігін атқару, судьялардың кәсіби деңгейін арттыру, кадр саясатын жетілдіру, сот төрелігінің азаматтарға қолжетімділігі, жем-қорлыққа қарсы іс-қимыл, сот жүйесінің имиджін арттыру, мемлекеттік тілде сот ісін жүргізуді енгізу жұмыстарын күшейту сияқты мақсаттар мен міндеттерді алға қойды. Ал, жиын соңында Қостанай облыстық сотының судьясы К.Жантуринаға сот жүйесіндегі көп жылғы мінсіз жұмысы, сот төрелігін атқарудағы жетістіктері мен белсенді түрдегі қоғамдық қызметі үшін Қазақстан Республикасының "ҮШ-БИ" төсбелгісі табыс етілді.
Қарлығаш
ОСПАНОВА