Жол қиындығын болдырмау үшін
Қазіргі таңда жүк тасымалдаушылар еліміздің жаңадан енгізілген Көліктік заңнамасы туралы жете біле бермейді. Облыстық көліктік бақылау инспекциясы өкілдері өткен маусым айында өңірдің елдімекендеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында осыған көз жеткізген. Заңда көрсетілген талаптарды білмеу себебінен көп жағдайда ауыр көліктерді тізгіндегендер әкімшілік құқық бұзуға дейін барады.
Жоғарыда аталған жағдайда ескерген Қостанай облысының көліктік бақылау инспекциясы аймақтық көлік прокуратурасымен, жергілікті полиция қызметімен, кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізді. Бұл акцияның өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын айта кету керек. Оның мақсаты – ең алдымен, жүк көлік жүргізушілерімен жол жүру кезінде кездесетін түрлі түйткілдер мен жемқорлықты болдырмау жайында ашық әңгіме құру.
– Негізінен, жүк көлігін жүргізушілердің жолдағы түйткілдерді қандай да бір құзырлы органға, жергілікті атқарушы билік орындарына жеткізуге мүмкіндігі болмайды. Ал бүгінгі шара барысында осыған үлкен жағдай жасалып отыр. Азаматтар өздерін толғандырып жүрген мәселесімен бөлісуде. Біз осы айтылғандар бойынша тиісті қорытынды жасаймыз. Бұндай акция, ең алдымен, құқық бұзушылық көрсеткішін азайтатыны анық, – дейді өңірдің көлік прокуроры Нұрболат Қатуов.
Алғашқы күнгі шара Рудныйдан облыс орталығына шығатын жолда басталды. Көліктік бақылау инспекторлары өткен-кеткен ауыр машиналардың барлығын тоқтатып тұр. Бұл жолы ешкімге айыппұл салмай, жүргізушілерді прокурор, полиция, палата өкілдерімен жолықтырып, жол бойында кезігетін барлық мәселе төңірегінде сауалнама жүргізіп, ұсыныстарын тыңдады. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген жүргізушілердің кейбіреуінің абдырап қалғандарын көрдік. Ал жүргізушілердің басым көпшілігін жол сапасы алаңдатады екен. Сол себепті, инспекция басшылығы алдағы уақытта акцияға жергілікті билік өкілдерін де шақырамыз дейді.
– Жыл басынан бергі 6 айда көліктік заңнаманы бұзу бойынша 561 әкімшілік хаттама толтырылып, мемлекет қазынасына 73 миллион теңге түсіп отыр. Жүк көліктері тарапынан ең көп жасалатын құқықбұзушылық – шамадан тыс салмақпен жүру екенін айта кету керек. Сол себепті, бүгін күні бойы инспекция қызметі осы және басқа да жол бойындағы мәселелерге назар аударуды ұйғардық. Бұл акция бір күнмен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта өңірдің басқа да үлкен жолдарында осы жұмысты жалғастырмақпыз, – деді Қостанай облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Асылболат Қайырғалиев.
Бұған қоса, аймағымызда 1 маусым мен 15 тамыз аралығында «Назар аударыңыз, ауыр жүк көлігі!» акциясы өтуде. Қазірге дейін ереже бұзған жүк көліктеріне қатысты 116 әкімшілік хаттама толтырылыпты.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ