Өткен жылдың қорытындысы сараланды
Әлемдік шикізат дағдарысы біздің облысқа елеулі әсер етті. Әсіресе, негізгі базалық сала боп саналатын тау-кен өнеркәсібінде өнім өндіру көлемі 240,3 млрд.теңгеден (2014 ж) 159,7 млрд.теңгеге (2015 ж) бір-ақ түсті. Бұл «ССКӨБ» АҚ-ында 37%, «Өркен» ЖШС– 43,6%, «Варваринское» АҚ – 29,3%-ке тең. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова жан-жақты баяндап берді.
Мәселен, алдыңғы жылдары өнеркәсіп саласындағы жағдай күрт төмендесе, былтырғы қыркүйек айынан бастап өндіріс көлемі де біршама азайды. Мұндай кері көрсеткіш «СарыАрқаАвтопром» ЖШС-і (56,8%), «Аграмашхолдинг» АҚ ( 28,7% ) және «Баян сұлу» АҚ-ында (19,8%) байқалды.
Дегенмен, металлургия және азық-түлік өнеркәсібінде аздаған өсім бар. «ЕвразКаспианСталь» ЖШС-інде де 2014 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,3 есеге артқан. Ал «Қостанай ұн комбинатында» бұл көрсеткіш 1,5 есеге тең.
2013 жылы индустриаландыру Картасы алғаш жүзеге асқанда пайдалануға берілген металл илемдеу зауыты өнім өндіру көлемі 11,4%-тен 18%-ке дейін өскені қуантады. Бүгінде бұл кәсіпорын өңірде «ССКӨБ» АҚ-ынан кейін екінші орында тұр.
Жалпы, елімізде индустриалдық-инновациялық жобалар қолға алынғалы бері облыс өндіріс ошақтары 248,2 млрд теңгенің өнімдерін өндірсе, өткен жылғы көрсеткіш 68,2 млрд.теңгеге жетті. Яғни, соңғы екі жылдағы өнеркәсіп саласының үлесі үштен бірі осы екі кәсіпорынға тиесілі.
Өткен жылы ел экономикасын әртараптандырудың екінші бес жылдығы басталды. Онда 2015-2019 жылдарға арналған жаңа индустриаландыру Картасына барлығы 321,9 млрд.теңгеге бағаланған 16 жоба енгізілген. Жаңа жобалар жүзеге асқан жағдайда қосымша тағы 3249 жұмыс орыны пайда болмақ.
Есепті кезеңде 4,9 млрд.теңге болатын төрт жоба пайдалануға берілді. Бұларда 126 жұмыс орыны ашылған. Мәселен, Рудный қаласындағы сүт және қышқыл сүт өнімдерін өндіретін цехтың құрылысына 250 млн.теңге бөлінді. Тиісінше 30 адам еңбекпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Қостанайдағы көкөніс және жеміс-жидектерден жасалған сусындар, шай, квас, су тәрізді алькоголсыз өнім өндіретін кәсіпорынға 2069 млн.теңге, Таран ауданына қарасты Валерьянов елдімекенінің маңындағы қиыршық тас шығаратын зауытта ұнтақтау-сорттау кешенің құрылысына 485,3 млн.теңге, Рудныйдағы құс фабрикасын жаңғыртуға 1043 млн.теңге жұмсалды.
Облыста индустриаландыру Картасынан тыс жүзеге асқан инвестициялық жобалар да жеткілікті. Бұл арада агроөнеркәсіп саласындағы құны 6,5 млрд.теңге тұратын 40 жобаны айтпай кетуге болмайды. Аты аталған сала бойынша 335 тұрақты жұмыс орыны ашылды.
Енді үстіміздегі жылы тағы 15 инвестициялық жоба пайдалануға беріледі. Оған 4 млрд.теңге жұмсалмақ.
-Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өзінің өткен жылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында әлемдік дағдарыстың осындай қиын кезеңінде экономикамызды, мемлекетіміз бен қоғамымызды нығайтуға ықпал жасайтын жаңа шараларды жария етті, дағдарысқа қарсы және құрылымдық түрлендірудің бес бағытын айқындай отырып, нақты міндеттер қойды. Соған сәйкес, алға қойылған міндеттерді іске асыру өткен жылда қол жеткізілген жұмыстар нәтижесіне негізделетін болады,-деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәжілісте аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеп, олардың орындалу барысын қатаң қадағалауды міндеттеді.
Әлібек ЫБЫРАЙ