Қос жүректің құлпы бір
Ә. Боранбаев атындағы кинотеатр алдынан сом темірден жасалған алып жүрек орнатылды. Жақында ғана осы жерден жеке кәсіпкердің моноқала бағдарламасы бойынша атракцион ашқанын сүйіншілеген болатынбыз.
– Біздің бұл ісімізді жастарға жасалып жатқан бір қамқорлық деуге болады. Жас жұбайлар енді өмірлерінде болатын ең елеулі сәттерін көпшілікті көрнекі жерде жасайтын болады. Алып жүректің атқаратын қызметі жастар өмірінде кейінірек дәстүрге енген құлыптарды жинау. Бұған дейін армандарын бір арнаға тоғыстырған екі жас құлыптарын көпірдің шарбақтары сияқты кез келген жерге тағып келді. Шетелдік дәстүрде үйленгелі жатқан екі жас бір – біріне деген сезімдерінің берік болуы үшін осылай жасайтын болған, – дейді "Алдияр" парк атракционының әкімшісі Қуаныш Қалиев.
Алғашқы болып жаңа жүрекке Аян мен Мақпал Тоқтаровтар отбасы құлып ілді. Айта кетсек, жүректі жасату үшін кәсіпкер жүз мың теңге қаржы жұмсаған.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы