Майдангерлердің есімдері жазылған ескерткіш бой көтерді
Жанкелдин ауданы, Саға ауылында Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында сыртта жүрген атымтай – жомарт ауыл азаматтары игілікті істің бастамашысы болып, ел алғысына бөленді. Олар 1941 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, ел үшін жер үшін қолдарына қару алып, ерлік істерімен танылған қаһарман ата – бабаларына құрметіне арнап, есімдері қара тасқа қашалып жазылған ескерткіш орнатты. Жалпы бұл ауылдан 306 майдангер соғысқа аттанаған. Ал оның ішінде 128 майдангер аман – есен елге оралса, ерлікпен қаза тапқан 178 майдангерге туған жердің топырағы бұйырмаған.
Ұлыларын ұлықтаған ұрпағы бар елдің ертеңгі күніде баянды. Осындай тамаша бастамалар басқа да ауылдық жерлерде жалғасын тауып жатса, ауданымыздың гүлденуіне де септігі тиері сөзсіз.
Аудан әкімі Асқарбек Ахметбекұлы және осы ауылдың тумасы, Қазақстан Республикасы медицина саласының үздігі Қаби Іңірбайұлы жаңадан бой көтерген ескерткіштің лентасын салтанатты түрде қиып, жүрек – жарды лебіздерін білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің мерекелік төс белгілерін аудан басшысы еңбек ардагерлеріне табыс етті. Мектеп оқушылары гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті. Ауыл имамы дүниеден өткен майдангерлерге дұға бағыштап, сауабын Алладан тіледі.
М.Дулатов атындағы орта мектептің оқушылары мерекелік концерттерін көпшілік назарына ұсынды. Айтпақшы тай жарыс ұйымдастырылып, бәйгеден 1,2,3 келгендерге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы