Мұзды спорт сарайы жаңартылмақ
Рудныйдағы мұзды спорт сарайы жаңаша кейіпке енбек. Бұл туралы «Қуат» спорт клубының директоры Руслан Нұрмұхамедов мәлімдеді. Оның айтуынша, ғимараттағы күрделі жөндеу жұмыстары 2017 жылдан басталады. Екі жылға созылатын жаңғырту барысында спорт сарайы жұмыс істеп тұра береді.

– Біз спорт секцияларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жөндеуді маусымаралық демалыс кезеңдеріне белгіледік. Бұлай етпесек, шайбалы хоккейден ел чемпионатына спортшыларымыз өзгенің мұз айдынында жаттығуға тура келетін еді. Бір жағынан біздің клуб ондай шығындарды көтере алмайды, – дейді Руслан Болатұлы.
Алматылық «Градцентр ПКС» ЖШС әзірлеген жобалық-сметалық құжат бойынша мұзды спорт сарайын толығымен жаңартып, айдынның мұздатқыш желілерін ауыстыруға 1 миллиард 602 миллион теңге қажет. Үстіміздегі жылдың ақпан айында жобамен танысқан аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов алғашқы жылға жоспарланған 900 миллион теңге қаражатты 700 миллионға дейін қысқарту қажеттігін айтқан-ды. Сонда ғана керекті қаржыны «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бөлуге болатынын ескертті. Енді, міне, арадан жарты жыл өтіп бұл мәселе де оң шешімін тауып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында ел болашағының негізі ретінде салауатты қоғамды қалыптастыруды атайды. Ал спорттың дамуына қолайлы жағдай жасамай, оған жету мүмкін емес. Бүгінде Рудный халқының 25 пайызы, яғни 30 мыңнан астамы бұқаралық спорт түрлерімен айналысады. Соның ішінде хоккейдің алатын орны ерекше. Жергілікті «Горняк» хоккей командасының 2014-2015 ойын маусымында Қазақстан Чемпионатында екінші орынды иеленуі – сөзімізге дәлел. Мұзды спорт сарайындағы игі жаңалықтардан кейін спортшылар жетістіктерін еселей түсетініне сенімдіміз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ