Бақытбек қажы НҰРҒАБЫЛҰЛЫ: «ДІНГЕ БЕРІК, ДӘСТҮРГЕ БЕКЕМ БОЛАЙЫҚ!»

Айтары бар адамның әңгімесі
Ықылымнан аяны, адам баласының тура жолдан адаспай, кемелденген азамат қатарына жетуі оның жас шағында алатын тәрбиесіне, ата-анасының мейірім көрсетуіне байланысты. Қай қоғамда да қазақылықты, ұлттық болмысты сақтау – әр қазақтың өткенін, келешегін тезге салатын сын. Жас ұрпаққа берілетін тәрбие, ұлттық сана, тағылым тақылеттес тақырыптарды Қостанай облысының бас имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы ортаға салады.IMG_6550
 
ТӘРБИЕ – ҰЛТТЫҢ ТАМЫРЫ
 
– «Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтарлықпыз деп сайланды». Бұл Абайдың қара сөзінен алынды. Сіздіңше, ақылды кім үйретеді, насихатты кім тыңдайды?
– Қазақ отбасының ерекшелігі – жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, әке тұрып, ұлдың, шеше тұрып, қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілікке жатады. Дұрыс бағытқа жол сілтеу көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты. Халқымыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында ата-әже, ата-ана өздерінің білетіндерін ұрпағына үйретіп, тәрбиелеген. Қашан да қазақ түсінігіндегі басты ақылман – қариялар, жасы үлкен кісілер. Қара шаңырақтың киесі деген ғибратты ұғым бар. Халқымыз баяғы заманнан бері жасы үлкенге қарсы шығып, жолын кеспеген. Алайда, уақыт керуені көшкен сайын қоғамның да тарпаң қылықтарын көріп жатамыз. Қартайған шақта қызықтарын көрсетудің орнына қабырғаларын қайыстырып, өмірлерін өксітіп, оларды тағдырдың ауыр сынағына тастап, үйінен қазына-қарттарға, әке-шешелеріне, орын тауып бермей жүргендер жоқ емес. Өкінішке орай көп. Әр нәрсенің себебі бар деп тоқтам жасай алмаймыз, себебі сол безбүйрек балалары үшін қиындықтың қыл арқанын қиып, азапты ғұмырларын өткізбеп пе еді?! Елімізде жыл санап қариялар үйі көбейіп барады. Көңілге кірбің түсіретіні де осы. Мәселен, өзіміздің Рудныйда қарттар мен мүгедектерге арналған үй бар. Негізі, олардың дені балалы-шағалы кісілер. Қостанайға келгенде ,әуелі, екі қарттар үйі мен он шақты жетімдер үйін араладым. 438 қарияның тізімін көргенде, қатты соққы алғандай болдым. Жүз он бес қазақтың он бесімен жүздестім. Жыл аяғына дейін олардың өз отбасыларымен қауышуы үшін барымды саламын. Бұл – басты міндетім. Мен Қызылорда облысының тумасымын. 2012 жылға дейін біздің облыста бірнеше қарттар мен сәбилер үйі жұмыс істеп тұрды. «Өкініш» атты жоба ұйымдастырып, айналасы екі-үш жылдың ішінде қарияларды балаларына тапсырып, жетімдерді бақуатты, баға алатын кісілердің қолына бердік. Қазір Қызылорда өңірінде бірде-бір қарттар үйі жоқ. Негізі айтайын дегенім, төрт қабырғаға телміріп қалуларының сыры санасыз балалардың түсінігінде жатқан секілді. Әйтпесе, өмір сыйлаған адамдарды Меккеге арқалап апару былай тұрсын, аяғын жылы суға малып отыру болмаса да, қартайған шақтарында отбасының тірегі қылып, байыппен бағып-қағу жаҺандағы ең қиын жұмыс емес екені айқын. 
Көзкөрген ата-әжелеріміздің «Бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деуінің астарында үлкен мән-мағына жатқан сияқты.
– Мұның бәрі тәрбиеге байланысты десек, сыңаржақ пікірге келіп тірелмейміз бе? Басқа да себептері бар шығар? Өйткені, асқар тауын құрметті қария атандырмай, қамкөңіл қартаң қылатын немесе қару алып, халқына қарсы тұратын ұл емес, ез қайдан шығады?
– Адамды орта тәрбиелейді. Бәрін бірдей зиянсыз деп айта алмайсың. Мешітке келетін үлкен кісілерден гөрі, жастардың қарасы көп. Бұл ойландырмай қоймайды. Мәселен, Ақтөбеде болған оқиғаны алайық. Қарап отырсаңыз, өрімдей жас жігіттер. Мен олардың барлығын танимын. Себебі, өзім Ақтөбеде 10 жылға жуық қызмет істедім. Енді мәселенің екінші жағына келсек, діни лаңкестік деп жатыр. Оған тікелей жауап бермеймін. Әрине, бұл азаматтардың іс-әрекеті елдің есін шығарды. Менің білетінім, олар намаз оқитын, бірақ мешітке көп келмейтін. Тәлім-тәрбие туралы пікірге қайта оралайық. Ата-анасы қасында делік, яки осы ретте олардың қаншалықты тәрбие алуы маңызды рөл атқарады. Тура жолдан адастырған кім? Ненің лебі арқылы бұзылды? Бұл өте тереңде жатқан мәселе. «Ағылшын тілін оқытамыз, психологиялық көмек көрсетеміз» деп, маңайларына адамдарды жинап алып, өз ағымдарын насихаттап жүрген діни бірлестіктер бүгінде өз қараларын күн өткен сайын көбейтуде. Діни бірлестіктерді бей-берекет тіркеп, олардың іс-әрекетін бақылаусыз қоюымыздың арқасында олар мыңдаған қандастарымызды өз бауырларына тартып үлгерді. Бір тармағы – әлеуметтік желілер. Қазіргі Вконтакте, Фейсбук желілерінде жастарға басқа жол көрсететін, дүдәмал бағыт беретін жазбалар, топтар жетерлік. Әлгіндегідей оқиғалар соларға еріп кетуден де басталуы ықтимал. Теріс ағымдар елде ашықтан-ашық үгіт-насихат жүргізе алмағандықтан, ғаламтор арқылы өз ілімін танытады. Ерік-жігері төмен жандар сыртқы күштердің әсерімен болған өзгерістерге бейімделгіш келеді. Сондықтан ата-ана өз баласына қазақы тәрбиемен, ата-әжесінің мағыналы әңгімелерімен сусындатуы тиіс.
Адам баласының ең басты құндылығы – оның өмірі. Алла Тағала өмірді мәнді өткізуді бұйырады. Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Ислам ұстанымына мүлде жат келеңсіздіктерге жастарымыздың бой алдыруы, хақ дінімізді олардың толық білмеуі салдарынан деп ойлаймын. Жастардың көбі дінге бет бұрып барады. Бәрі жақсы-ау, тек сол діни ағымдардың түрі өте көп. Мынаған назар аударайықшы, Қытайдың саны – 1,5 млрд. Сол елде Будда, Ислам, Христиан діндері ғана бар. Ал бізде ше? Тым көп. Оның сексеннен астамы біздің Қостанай облысында ғана. Діни экстремизм, терроризм және жат ағымдар өмірімізде, оның ішінде, жастар ғұмырында орын алмасын десек, тал бесіктен бастап ислами тәрбиені сіңіре отырайық.
 
МІНЕЗДІ ХАЛЫҚ  – НАМЫСТЫ ХАЛЫҚ
 
– Ислам – барлық болмыстың, мінез-құлықтың айнасы, ұлт руханиятының тағылымды тәжірибесі. Ата-бабаларымыздың аманатын арқалап, ислами түсінікті кейінгі жастарға түсіндіре алсақ, бүгінгі қазақ руханияты үшін осыдан үлкен олжа жоқ. Тағы не жетіспейді?
Сахабалардың кезінде оқу-ғылым ауызша жүрді. Ал, қазір түрлі кітап-дәптерлерден кенде емеспіз. Пайғамбарымыз айтады: «Егер надан кісі хабарды басқаға жеткізетін болса, оның өтірік-растығын тексеріп алу керек». Сондықтан баспасөзден алатын ақпарат та өте маңызды рөл атқарады. Мен әр оқушыға өңірдегі қазақ газеттерін мейлінше көп оқуға кеңес беремін. Мысалы, өзіміздің «Қостанай таңының» «Қостанай ақшамы» қосымшасын алайықшы. Өз басым ондағы «Сөз әлемін» күтіп жүремін. Адамның қалай дұрыс сөйлеуі, салт-дәстүрді білуі – оның алдағы өміріне тұсбағдар. Дәстүр – қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер-бесікке» дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі. Әдет-ғұрпынан қол үзбеген жұрттың кезінде талай өзге елдің өкілдерін, ғалым-зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың тағы бір тірегі – ана тілі. Ананың әлдиімен бойға дарып, жүрекке сіңген тіл – ең мықты құрал. Ел болашағы – жастар. Қазақстанның келешегін көркейтетін – білімді ұрпақ. Бүгінгідей ақпарат пен техникалық жаңалықтар кезек шарпыған заманда, оқуға, ғылымға, тәжірибеге сүйеніп, әр саладағы жетістіктерге иек артқан дұрыс-ақ. Алайда жастардың саналы азамат болып қалыптасуының кілті тек құрғақ білімде тұр деп айтсақ, қатты қателескеніміз. Мен Қостанайға келгелі тұрғындармен көптеген кездесу өткіздім. Барлығы жиырма мыңнан астам адам қамтылды. Жас ұрпақты адамгершіліктің ең биік шыңы – имандылыққа үйрету, жат діни ағымдардың құрығына түсіп қалуына жол бермеу, оған қарсы тұру туралы айтып келемін. Ислам дінінің адам өміріндегі орны мен қазақ халқының дүниетанымындағы, тұрмыс-тіршілігіндегі рухани құндылықтарынының көркем мәтіндеріндегі ғұламаларымыздың тәрбиелік өсиеттерін түсіндіру де аға ұрпақтың міндеті. Мысалы, орталық мешітке 13-15 ақсақал ғана келеді. Бұл дұрыс емес. Мешітке үлкен кісілер көп келген сайын жастардың бойына сенімділік құйылады. Жалғыз имамдардың айтқаны аздық етуі мүмкін.IMG_6558
– Яғни, жаһандақ саясат жылдам қарыштаған XXI ғасырда имамдарға жүктелер міндет өте зор болып отыр…
– Имамдар бүгінгі күндегі заман талабының барлығына толыққанды жауап беретін жан-жақты азамат қана болып қоймай, білімі мен біліктілігі қатар жүретін ұстаз, адам жанын түсіне алатын психолог, тәрбиеші, көңіл кілтін табушы, отбасында аяулы ата-ана, бір сөзбен айтқанда әмбебап адам болуы тиіс. Міне, зайырлы қоғамдағы имамның заманауи келбеті осылай болса керек-ті. Қазіргі таңда өздеріне визит картасын жасап алған молдаларды көп кездестіруіңіз мүмкін. «Мынаны емдеймін, ананы ішсеңіз, айығып кетесіз» сынды рәуіште өздеріне жақсы жарнама жасайтындар да көбейіп барады. Бұл – біздің қазіргі «бас ауруымыз».
– Пәни дүниеде адамның басты қағидаты не болу керек?
– Тура жүру. Басқа қосарым жоқ. Бір ғана мысал, адам сыртынан сөз сөйлеу. Белгілі (танитын) бір мұсылманның айыбын, оны жамандау мақсатымен сыртынан сөйлеу ғайбат саналады. Ғайбат айту – харам. Астарлау, ишарамен білдіру де – сөзбен айту сияқты ғайбатқа жатады.
– Өзіңізді алаңдататын тағы қандай мәселе бар?
– Өкінішке қарай, қаракөздеріміздің киім киісі, қарындастарымыздың бір-бірімен шаштасып, төбелесуі, қоқысқа қалдырып кеткен шақалақ – мұның бәрі арқаға аяздай батады. Бұған діни басқарма, өңірлердегі мешіттер қандай тосқауыл қоюы мүмкін? Тек қана насихат. Әрине, оны тыңдар құлақ болса?! Мысалы, ешкімді мешітке күштеп алып келіп, некесін қидыру мүмкін емес. Сол сияқты құлағына сырға тағынған ұлдарға не деріңіз бар? Айдың-күннің аманында бұл не сонда? Қай қазақтың баласы дейміз, міне, өзіміздің қарадомалақтар құлақтарына неше түрліні іліп алып жүр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) еркек кейіпіне еніп, найзамен қаруланған бір әйелді көрген кезде «Еркекке ұқсауға тырысқан әйелге, әйелге ұқсауға тырысқан еркекке лағнет болсын» деді. Аяқ-қолдарын қынамен бояп, әйелге ұқсағысы келген біреуді қуғынға жіберді. Негізі, мұның барлығы сол отбасынан, ортадан алатын тәрбиенің тетігін қозғауға әкеледі.
– Еліміз қазір елеулі қоғамдық жаңару кезеңінде тұр. Мейлі қандай кезде болмасын, қоғамдық қатынастар дәстүрге өз әсерін тигізбей қоймайды. Өмір өзгеріп, заман жаңарып отырады. Бұрынғы дәстүр көнеріп, қатардан қалып, жаңа дәстүр, жаңа салттар пайда болмай ма?
– Бір ғана айтарым бар: ата дәстүрі, ежелден келе жатқан әдет-ғұрып сақталу керек. Жалпы кез келген дәстүр-салтымыз жайдан-жай қалыптасып, негізсіз өмірге келмеген. Әрқайсысының түпкі төр-кінінде адам жанын тәрбиелеуге арналған ізгі ниет, асыл қасиет жатады. Сол арқылы біздің қандай қасиетке ие ұлт екеніміз ашылады. Алла Тағала не үшін адамды нәсілге, тайпаға бөлді деп ойлайсыз? Себебі пенде бір-бірін тану керек. Әр ұлттың салт-дәстүрі бар. Тіпті, қай екі мұсылманның қол алып амандасуының өзі неге тұрады? «Ассалаумағалейкүм!» орнына, әйтеуір, қол бере салсақ жетеді дейтін аға буын өкілдерін де білеміз. «Көл тамшыдан құралады». Барлығы осындайдан басталады. Сол себепті амандасуға да қатты көңіл бөлгеніміз абзал.
Жаңа дәстүр уақыт талабымен келеді. Ол халық арасында, тұрмыста түрлі-түрлі сүрлеуден өтіп, өзі-ақ қолданысқа еніп кетеді.
– Жаһан халықтары өздерінің жүріп өткен жолдарына қайырыла қарап, мақтан етерлік ұлттық болмысы мен бейнесіне тамаша айғақ – озық қасиеттерін жан-жақты насихаттауда.
Әрбір ұлтқа тән құндылықтар бар. Қазақ халқының қазірге дейін жалғасып келе жатқан, қанына сіңген тектілігі, адамгершілігінің жоғары болатыны, әртүрлі келеңсіз көріністерден, әбес қылықтардан аулақ жүретіні заңнан да биік болған салт-дәстүр, ұлттық тәрбие тағылымдарының нәтижесі екені айдан анық. Бүгінде қазақ азаматтарында халқымыздың дәстүрімен сабақтасқан өзіне тән өзгеше ұлттық намыс-жігері күші болуға тиіс. Мұндағы ұлттық намыс-жігер «мен қазақпын!» деп кеудені ұрып, құр айғайлау емес, қайта ішкі жан-дүниеңде намыс туыңды тіктеп, өз халқының таңдаулы дәстүрін, озық мәдениетін ардақ тұтып, ұлттың атақ-абыройына дақ салатын ұнамсыз қылықтардан аулақ болса, қызымыз ибалы, ұлымыз иманды болмақ. Салауатты өмір салтын ұстану керек. Мәселен, мешіт жамағатына арнап жыл сайын қазақ күресін өткіземіз. Ұлттық ойындарды әлемге таныту үшін аз да болса өз үлесімізді қоса беруімз қажет.
– Халқымызда «Үлкен сөзіне тоқтамас жастан без, аталы сөз естімеген қарттан без» деген сөз бар. Бұл – нағыз қазаққа тән құбылыс. Келісесіз бе?
– Жалпы, қазақы қасиетінің негізінде ұлтжанды  мінез жатыр. Өйткені, мінезсіз адамда қасиет болмайды. Бұл барлық ұлтқа ортақ. Мінезді халық  – намысты халық. Жастарды азаттық рухы, ұлт мүддесіне адалдыққа баулу –өзекті мәселе. Иә, бізде қазақы рух әлсізденіп барады. Қазақы рухты көтеретін дүниелер түрлі  шоулар мен  концерттердің  шылауында қалып қоймаса екен дейміз. Ұлттық сананы қалып­тастыратын, батырларымыз бен данышпандарымыздың өмір жолын, ұлты үшін жасаған өлмес істерін наси­хаттайтын көркем шығарма, кинотуындылар жоқтың  қасы. «Қазақтың  батырлары, билері анадай болған, мынадай болған» деген құр сөз қазіргі ұрпақтың санасына жете ме? Қай ұлттың болсын, талғамын биіктету көркем шығарма, әдеби, мәдени, кинотуындылар арқылы жүзеге асырылады.
 
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

4 Responses

  1. Жанна айтты:

    Оо наш имам! Актобеликтер сизди издеп жатыр гой. Бизге кайтара келинизши'

  2. Әскербек Тілемісов айтты:

    жастар мешітке көп барады. Бұл рас ойланарлық. Имамдар да қазір басқа.

  3. Зангар айтты:

    Ақтөбедегі жігіттерді танимын? міне керек болса? Бас имамга сұрақ бар: осы сәләфтармен неге кездесу өткізіп, өзімізге қайтарып алмайсыздар ма?

  4. Маржан айтты:

    "Оо наш имам!" Аллаһ, аллаһ, астафираллаһ…Аллаһ жар болсын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓