ТӨРТ ТҮЛІККЕ ТӨР БОЛҒАН Аманкелді ауданының айшықты істері көпке үлгі
Жер Ананың төсін емген Қостанай өңірі, сөзсіз, құтты мекен. Диқандары дәнді дақылдарын сеуіп, молынан астық күтсе, ата кәсіпті нәсіп қылған шаруалар мал басын көбейтуді көздейді. Облыстың аты астығымен мәшһүр болса, бұл жақтағы мал шаруашылығы да қалыс қалар емес. Кеңес Үкіметінің тұсында қазіргі Аманкелді мен Жанкелдин аудандары мыңғырған мал өсіріп, талай жетістіктерге жеткен еді. Осылайша, бүгін екпінді егінге емес, төрт түлікке түсіргіміз келіп отыр.Сол даңқты жылдарға қайта оралу үшін бүгінгі мемлекеттік бағдарламалардың беретін шапағаты мол. Неге десеңіз, мал шаруашылығына ден қойған Қостанай облысының қазіргі таңдағы экономикасында оң өзгерістер бар. Мамыр айының басында оңтүстік аудандарға арнайы ат басын бұрғын облыс әкімі Аманкелді аумағындағы шаруа қожалықтарының аяқ алысынан аңғарған еді. Архимед Мұхамбетов аудан басшылығы мен тұрғындарына мал басын көбейту туралы бірқатар тапсырмалар берген болатын. Облыс билігі Батпаққара өңірін ілгерілететін де осы – ата кәсіп екенін айтқан-ды.
Ал, Аманкелді ауданындағы ауыл шаруашылғы жайында мол әрі нақты ақпараттарды осы бөлімнің басшысы Ерлібек Ещанов мырза баяндады.-Биыл айтылған сала бойынша бізде үлкен өсім бар. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасында ісіміз алға басып келеді. Оған себеп, аймақтағы шаруа қожалықтарының қатары еселеніп, мал басы артуда. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша әуелде ірі қара санын 1325 басқа жеткізу міндеті жүктелген болатын, біз межеден асып, оны 1622-ге жеткіздік. Осының арқасында шаруалар 316 млн. 900 мың теңге көлемінде субсидия алып отыр. Бұның сыртында «Құлан», «Алтын асық» сынды жобалармен жұмыс істеп жатырмыз. Ал, мал басын асылдандыруда аудан бойынша 19 ауылшаруашылық-өндірістік кооперативі (АӨК) құрылып, аналыққа шаққанда селекциялық-асылдандыру жұмыстарының 70 пайызы орындалды. Мысалы, Үрпек ауылында осындай үш шаруа қожалығы жұмыс істейді. Әрқайсысында 250-300-ден аналық бас ірі қара бар. 30 бас сиырға 1 бас бұқадан әкеліп, асылдандыру жұмыстарын жүргізуде. Ауданда, негізінен, ірі қараның айтулы бір түрі жоқ. Қарапайым қазақы сиырлар. Осы асылдандырудың арқасында Әулиекөл асыл тұқымды бұқасы, Абердин-Ангус, Қазақтың ақ бас сиыры сынды сапалы мал түрімен будандастырудамыз. Нәтижесінде малдардың салмағы өсіп, құны да арта түсуде. Бұрындары жергілікті малдың бір жасар еркек бұзаулары 100-120 келі болса, қазір 170-180 келі тартады. Жалпы, мал басын асылдандыру жобасының құрылғанына 4 жыл болды, яғни, тәжірибеміз мол, ал әлеуметтік-өндіріс копперативі ашылғанына бір жыл, осы уақыт ішінде бірлескен жоба өз жемісін берді десек артық айтқаным емес. АӨК-і құрылғалы халықтың малы бағылып, бақташылардың назарында болады. Ал, жоғалып кету, ұрлану сынды кері көрсеткіштер мүлдем кездеспейді,-дейді Аманкелді аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Ерлібек Ещанов.
Айтылған мәліметтерге қарасақ, ілгері басқан жұмыстар жетерлік. Қарқынды дамып жатқан жобалар етек жая берсін дейміз.
-Қой өсіретін қожалықтар да бар. Асыл тұқымды қошқарлар әкеліп, жоғары нәтижеге жетіп жатыр. Қазір жергілікті қойлардың қозысы 15-20 келіден 30 келіге дейін ет береді. Бұның бәрі шаруалардың тынымсыз еңбегінің арқасы. Ұсақ мал мәселесінің төңірегінде ойға алған бір жобамыз бар. Ол – жүн және тері өндеу. «Қостанай таңы» газетінің 8 шілде күні жарық көрген №73 санында «Жүн түтіп, тері иелеген» деген мақала шықты. Кейіпкер Дастан Байкенов есімді азаматтың қазіргі кәсібі де ұсақ малдың терісін пайдаға асыру екен. Ал біздің ауданда сол теріңді сатып алатын не өткізетін орын жоқ. Тұрғындар теріні не отқа өртеп не лақтырып жібереді. Ол дегенің қып-қызыл ақша ғой. Д. Байкенов осы Аманкелді ауданының тумасы екен, «Қостанай таңына» берген сұхбатында туған жерден жүн және тері өндейтін цех ашсам ба депті. Соны көрген біз Дастанға дереу хабарласып, талқыға салдық. Бұйырса, күзге таман сол жігіт елге келіп, бізбен жолығады. Егер зауыт ашылса, тұрғындарға тиімді болары анық,-деді Е.Ещанов.
Иә, болашақта батыр атындағы ауданда өндіріс зауыты іске қосылса, қара шаңырақ «Қостанай таңы» газетінің үлесі бар дей беріңіз. Халық пен билік арасындағы алтын көпір болу деген осы.
Жоғарыда айтып өткен мал шаруашылығы саласында ерінбей еңбек етіп жүрген шаруалардың жай-күйін өз көзімізбен көруді жөн санадық. Негізі, Аманкелді ауданы бойынша 367 шаруа қожалығы бар. Солардың бірі – Асанов Ақжол Сұлтанұлы. Ол өзнің «Ақжол С» атты шаруа қожалығын 1999 жылы ашқан. Алғашында Үкіметтен не қаржы не техника да алмаған. Сол кездегі жас жігіт әкесінен қалған азын-аулақ мал басын өз күшімен дөңгелетіп әкетеді.Ауыл арасындағы ескі тракторларды малға айырбастап, техника алады. Амантоғай ауылының маңында егін салып, аз-мұз кәсіп қылады. Жалғыздың шаңы шықпас дегендей, дара жүрген Ақжолдың диқаншылық ісі жемісін бере қоймайды. Бір жағынан малы да басқа ауылда еді. Кейін ойласа келе Зеңгі баба малын өрістетуді құп көреді. Міне, содан бері 17 жылдай уақыт өтті. Ақжол Асанов кәсібін бір арнаға түсіріп, жыл сайын мал басын еселетіп отырған жайы бұл. Қазір 160 бас ірі қарасы, 200-ге жуық қой-ешкісі, 40 шақты жылқысы бар.
-Бүгіндері ауылшаруашылық-өндіріс копперативін де аштым. Онда 600 сиыры, 20 бас асыл тұқымды бұқа бар. Үш ауылды жерге бөліп тастағанбыз. Ол Үрпек, Амантоғай, Ағаштыкөл сынды елді мекендерде. Әр жайылымды өз бақташылары қадағалайды. Уақытылы жалақысын төлеп отырамын. Мен шаруашылықты бастағанымда ешқандай көмек алмадым. Бірақ, қазір өз орнына келді. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарлмасымен 2,5 млн.теңге несие алдым. Маған осы жоба тиімдірек болып тұр. Алдағы жылы тағы алсам ба деген ойым бар. 6 пайыз ғана үстемемен қайтарасың. Іркілген мәселелерді шешуге әрқашан қаржы керек, осындай жағдайда мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгінеміз,-дейді Ақжол Сұлтанұлы.
Осылайша Аманкелді ауданының тұрғындары туған жерлерінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып отыр. Мал баққан ата-баба жолын жандандырып, Торғай даласының төсінде төрт түлікті қайта мандытпақ. Өйткені, мал етіне деген сұраныс артып келеді. Қымызы мен айраны, сүті мен қаймағы облыс орталығында жаппай сатылады.
Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген автор.
Қостанай-Аманкелді-Қостанай.