Жол азабын жүрген білер

“Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс” деген сөз тіркесі Заречный ауылының жолын сипаттап тұрғандай.  Облыс орталығына тиіп тұрған ауылдың кіреберіс жолының азабы жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Биыл бұл жолдың сыйқы былтырғымен салыстырғанда тіпті сорлап қалғанға ұқсайды. Көлік қозғалысына кедергі келтіріп, жүргізушілердің де наразылығын тудыруда. Әбден тозығы жеткен асфальттың бір сау тамтық жері көрінбейді. Әр адым аттаған сайын шұрық-тесік жолдар көлік жүргізушілеріне қиындық тудыруда. Шоқалақ жолдардан әбден мезі болған ауылдағы ағайынның жанайқайын тыңдап жатқан емшкім жоқ.IMG_4482
IMG_4473
 
-Мұндай көшенің үстінен еркін жүру мүмкін емес. “Солтүстік” шағын ауданға барар жолды айтпағанның өзінде, Заречныйдың өзіне кіре беріс басты жолдың сыйқы мынау. Тіпті, болмаған соң жазық жол жасап алдық, соны айналып өтуге мәжбүрміз. Ауылдың сынын кетіріп тұрғаны өз алдына, жүргізушілерге ыңғайсыздық тудыруда. Жолдың сапасы өте төмен. Жамап-жасқауға да келмейді. Сондықтан, қаржы бөліп, шамалы жолды жөндеуге болады ғой. Өзім осы жолмен күнде өтемін. Тіпті, көлігімді жаман жолдың кесірінен бірнеше рет жөндеуіме тура келді. Қашан жөнделеді бұл жол, үнемі осындай көрініс. Масқара ғой. Салықты не үшін төлеп жатырмыз сонда? Осы жолда жол апатының жиі болатыны да жасырын емес. Оған себеп, әрине шұрық-тесік жолдар, – дейді  көлік жүргізуші Б.Елтаев. IMG_4461
Жолдың азабына жеке көлік жүргізушілері ғана емес, осы жолмен жолаушылар тасымалдайтын №101 және №102 автобус жүргізушілері де наразы. Себебі, олар да қалаға шығар жолға ырғалаңдап әрең шығатындарын, осы шұрық-тесік жолдың кесірінен көбіне белгіленген уақыттан кешігіп жататындарын да жасырмайды.IMG_4419
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жолдың машақаты жауын-шашынды, қарлы-боранды күндері тіптен қиындап кететін көрінеді. Сондықтан, заречныйлықтар жергілікті биліктен осы жол мәселесін шешіп берсе екен деп тілейді.
-Елбасымыз үнемі өз Жолдауларында үкіметке азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы тапсырмаларды жүктеуден жалыққан емес. Сондықтан, оны орындау жергілікті биліктің міндеті емес пе? Ал, Заречныйдың жағдайы – мынау. Жолға жауапты мекемелердің басшылары қайда қарап отыр?, – дейді ауыл тұрғыны Қ.Әбенова.IMG_4444
Заречныйлықтарды толғандырған жол мәселесі бойынша ауыл әкіміне хабарласқан едік, ол кісі “мен ештеңе білмеймін” деп қысқа қайырды. Содан аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі бөліміне хабарластық. Бөлім басшысы Батыржан Распаевтың айтуынша,  Заречный ауылының жол мәселесінен олар да хабардар екен. 2014 жылы ұзындығы 2 шақырым 460 метр болатын жолды жөндеуге байланысты жоба әзірленіп, оған 8 млн. 730 мың теңге жұмсалған көрінеді. Ал, жолды жөндеу үшін 482 млн. теңге қаражат қажет. Бұл туралы облысқа да хат жолданған, бірақ әзірге бөлінер қаражаттың ауылы алыста тәрізді.
Иә, қазір тұрғындардың барлығында көлік бар. Жол азабын тартып отырған да солар. Сондықтан, заречныйлықтардың жолдың осыншама уақыт жөндеу көрмей жатқанына наразылық танытатын да жөндері бар сияқты. Не болса да, жақсылыққа сенетін халықпыз ғой, сондықтан бұл мәселе де шешімін табады деген ойдамыз.
 
Қостанай ауданы.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ
 
 
 
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓