Қоқысты кәдеге жаратқан
Адам – табиғаттың ажырамас бөлшегі. Сондықтан оны қастерлеп, ластануына жол бермеу маңызды. Біз күнделікті үйден шығатын қоқыстар мен зауыт-фабрикалардың өндірістік қалдықтары қоршаған ортаға қаншалықты залалын келтіретінін бір сәт ойланып көрдік пе? Қоқыстың көп бөлігі қайта өңделіп немесе топырақпен бірге шіріндіге айналып жатқанымен, пластик бөтелкелердің жағдайы не болмақ? Себебі олар арнайы орында қорытылып, көзі жойылмаса 300-400 жыл бойы табиғатқа кесірін тигізе беретін көрінеді. «Азия Утиль» ЖШС биылдан бастап осы олқылықтың орнын толтыра бастады. Пластик бөтелкелерді қайта өңдеуді бизнестің көзіне айналдырдырған компанияның бүгінгі тыныс-тіршілігіне сүйсіне қарауға болады. Жиырма шақты адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорынның контейнерлері Қостанаймен қоса Рудный қаласында да пайда бола бастады. Бүгінде әр үйдің ауласындағы арнайы қораптарға тұрғындардың еті үйреніп кетті. Тұрмыстық қалдықтарын тастар алдында пластик бөтелкелерді сұрыптап, жаңағы темір контейнерлерге салып жатыр. Бұл да бір мәдениеттің түрі емес пе?
Жарасқан Байназарұлы, қала тұрғыны:
«Кез келген адам өзі өмір сүріп отырған ортаның таза болуын қалайды. Мәселен, күнде терезеден қарап, көршілерімнің қоқыс жәшіктеріне қоқысты, ал жаңағы тор жәшіктерге пластик бөтелкелерді тастап жатқанын көремін. Контейнер екі-үш күнде толысымен фирма өкілдері арнайы көлікпен оны алып кетуде. Болашақта қала тұрғындары көше мен жағажайда да қоқысты арнайы жерлерге ғана тастап үйренсе деймін. Бұл біздің экологияға қосқан үлесіміз болатыны анық».
Әсел Сүйегенова, эколог маман:
«Деректерге сүйенсек, қазіргі таңда ел аумағында 22 миллиард тоннадан астам өндірістік және тұрмыстық қалдық бар. Оның 7 миллиард тоннаға жуығы қауіпті. Ғалымдардың пайымдауынша, егер жағдай осылай жалғаса берсе, 2020 жылға қарай қалдық 28 миллиард тоннаға жетіп, экология мен халықтың денсаулығына теріс әсерін тигізуі мүмкін.
Қазіргі таңда, жасыратыны жоқ, өндірістік қалдықтар өз алдына, тұрмыстық қалдықтарды да кәдеге жарата алмай келеміз. Мәселен, Швейцарияда әрбір тұрғын қоқысты сұрыптап төгуге міндетті екен. Яғни әйнекті әйнек, қағазды қағаз, пластикті пластик төгетін жәшікке бөлек салады. Нәтижесінде әйнек сауыттардың 90 пайызы, қағаз өнімдерінің үштен бірі қайта өңделеді. Ал біздің елімізде ше? Тұрмыстық қалдықтар сұрыпталмақ түгілі, оның 15 пайызы ғана өңделіп, пайдаға жарайды. Сондықтан қоқысты кәдеге жаратушы осындай кәсіпорындар қалалар да ғана емес, ауылды мекендерде де жұмыс істесе бұл мәселені шешуге болады ден ойлаймын».
Эльдар Малаев, «Азия Утиль» ЖШС атқарушы директоры:
«Контейнерге жиналған пластикалық ыдыстар біздің базамызда бірнеше түрге іріктеледі. Одан әрі сығылып, Ақтөбеге жіберіледі. Ол жерде қайта өңдеуден өтеді. Бұлардан бірнеше пайдалы зат, құрылыс материалдары жасалады. Алғашқы айда жиналған үш тоннаға жуық пластикалық материал Ақтөбеге аттандырылды. Контейнерлер көбейген сайын көлемнің өсе түсетіні
анық. Қоршаған орта мен қала тазалығын қоса қамтыған қызмет түрі ауқымын кеңге жая бермек».
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы.