Оңтүстік Корея күнделігінен
АҢДАТУ
2016 жылдың маусым айының басында Назарбаев университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары басшыларын (топ-менеджерлерін) даярлау және біліктілігін арттыру» курсы бағдарламасына қатысу сәті түсті. Курс «Кәсіпкерлік университет» деп аталады. Оның бағдарламасы 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – Назарбаев университетінің жоғары мектебінде, екінші кезең – Оңтүстік Кореяда, қорытынды кезең күз айында қайтадан Назарбаев университетінде өткізу жоспарланған. Оңтүстүк Кореяның білім-ғылым саласындағы жетістіктері һәм тәжірибесімен танысу мақсатында Сеул сапары ұйымдастырылған еді…
СЕУЛ САПАРЫ
…Сеул сапары алдында біздер алдымен Назарбаев университетінің жоғары мектебінде Ұлыбритания жоғары оқу орындарының білікті профессорлары Дэвид Локк пен Майкл Смит бір апта бойында дәріс оқыды. Дәріс барысында ҚР Ғылым және білім министрлігінің жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің, Назарбаев университетінің басшылары өздерінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, озық тәжірибелерімен бөлісті. Назарбаев университетінде атқарылып жатқан жұмыстар шетелдік тәжірибеге сүйенген. «Мың естігеннен – бір көрген артық» дегендей, еліміздің маңдай алды жоғары оқу орнына үлгі болып жатқан озық тәжірибелермен танысу үшін екі топқа бөлініп, бір топ Германия-Нидерландияға бет алса, екінші топ Сеулге ұштық. Сеулдегі біліктілікті көтеру және озық, өзгеше тәжірибелермен танысу орны – «Корея озық ғылым және технология институты». (KAIST).
KAIST – экономиканың жоғары технологиялық секторы мен инженерия саласында зерттеулер жүргізетін, сол салаларға мамандар дайындайтын жоғары оқу орны. Ол Кореяның жеңіл өнеркәсіптегі жетекшілік орнын жедел түрде әлемдегі жоғары технологиялық өнеркәсіптің жетекшісі болуына ерекше септігін тигізді. KAIST ерекше автономияға және өте икемді академиялық жүйеге ие. Кореяның басқа колледждері мен университеттері үкіметтің студенттерді қабылдау талабы мен үлгілеріне, оқу бағдарламаларының талабын орындау міндетті болса, KAIST-тегі оқу жүйесі батыстық үлгіде құрылған. Бұл институт ведомстволық тұрғыдан білім министрлігіне емес, ғылым және технология министрлігіне бағынады.
KAIST КЕРЕМЕТТЕРІ
…Бүгінгі күнгі 45 жыл тарихында KAIST әлемдік (глобальдік) зерттеу орталығына айналған. Ол шетелдің таңдаулы оқытушылары мен ғалымдарын тұрақты түрде өз шаңырағына тартып отырады. Институт ғалымдарының еңбектері рейтингісі жоғары, әлемге танымал ғылыми журналдарда үздіксіз жарияланады. Мұнда талантты студенттерге, олардың қатарында шетелдіктер де бар, гранттық негізде оқуға кең жағдай жасап отырады. Студенттер өзінің қабілеті мен қызығушылығына сай негізгі пәнді таңдау үшін үш семестр бойында сабаққа қатысып жүру мүмкіндігі берілген. Бұған қоса, студент негізгі пәндерді кез-келген уақытта ауыстыру еркіндігі бар. Магистратура мен докторантура бөлімінде сабақ бірыңғай ағылшын тілінде жүргізіледі. Студенттерді кәсіпкерлікке баулу мақсатында Startap, инкубация орталықтары жұмыс істейді. Онда білім алушылар инновациялық идеяларын жүзеге асырады. Бір нақты мысал: біздің Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бітірген Екатерина Ли атты отандасымыз KAIST-тің Бизнес мектебінде магистратура бөлімі бойынша оқыған екен. Оқу барысында ол медициналық туризммен айналысатын «MEDIKAL AVENUE» атты агенттік ашып, қазір сол бизнесті дөңгелетіп отырған жайы бар. Сапар барысында оның ақпарттық сипаттағы дәрісін өз құлағымызбен тыңдадық, отандасымызбен жүзбе-жүз тілдестік.
KAIST-тің оқу кампустары Сеул және Тэджоне қалаларында орналасқан. Кореяның небір атақты бинесмендерін, компания басшыларын дайындаған даңқты оқу орнымен танысу Сеулдегі кампуста жүргізілген дәрістерден басталды. Бұл кампус тарихи тұрғыда оқу орнының іскерлік қабілетінің ордасы ретінде қалыптасқан. Кампустың ғимараттары биік бел-жотаға орналасқан. Биік белге көтерілу үшін біраз баспалдақтарды артқа тастау қажет. Институттың биік жерге орналасуының да өзіндік себебі бар сынды. Себебі, оқу орны Кореяның ең таңдаулы, даңқы асқан білім ордасы. Әлемдік рейтингте KAIST елу озық оқу ордасының қатарында болса, Азия құрлығында ол алғашқы ондықта. Ал, инженерлік сала мамандарын дайындау деңгейі бойынша KAIST әлемдегі жиырма оқу орнының қатарына енеді. Таңдандық әрі тамсандық: ғажап табыстың қыр-сырын білуге құмарттық.
ЖОЛБАРЫС АЙБАТЫ
Кореяның инженерлік өнерінің бір даңқты саласы – машина жасау. Біздерге атақты КІА MOTORS компаниясының зауытымен танысу мүмкіндігі туды. Бұл компанияны 2008 жылғы дағдарыс кезінде HYNDAI MOTORS қосып алған. Зауытпен танысу барысында HYNDAI маркасының H сипатындағы логотипі азуын кере ашқан жолбарыстың айбарын белгілейтінін білдік. Экономика мен әлеуметтік дамудағы серпілісті жетістіктері үшін әлем жұртшылығы Оңтүстік Кореяны Азия жолбарысы ретінде қарайтыны белгілі. Логотипті жасаған дизайнер осы бағаны ескергені анық байқалады. Зауыт дегенде, біздің көз алдымызға қаптаған жұмысшылар, темір-терсектің салдыр-гүлдір шуы елестейтіні анық. Ал мұнда, біріншіден, зырылдап тұрған автоматты қондырғылар мен конвейерлердің дыбысынан басқа бөтен шу жоқ. Екіншіден, мұнтаздай тазалық. Үшіншіден, адам қарасының аздығы. Төртіншіден, зауыт конвейеріндегі жұмыс орнының заманауилығы: компьютер, бел жазып отыратын диван-кресло, сатушысыз дүкен. Тамсанатын жағдайларды осылай санамалап кете беруге болады…
Кореяның мәдениетін танысу мақсатында Сеулдің тарихи ескі орталығында орналасқан Император сарайы кешені орналасқан паркты араладық. Паркте Оңтүстік Кореяның кешегісі мен бүгінгі тарихын бедерлейтін экспонаттар жинақталған музей орналасқан. Император сарайы бірыңғай ағаштан қиып салынып, түрлі-түсті бояулармен әшекейленген. Қиыстырылған ағаштың бет-бедеріне корей халқының ұлттық мифологиясынан хабар беретін символдық оюлар мен мүсіндер бейнеленген. Ол ойдан қырға қарай биіктеп кете беретін тау аңғарына салынған. Император отыратын басты сарайдың артынан Сеул тауларының бір биік жотасы «мен мұндалап» тұр. Бірінен бірі кезектесіп өрге қарай ұласа беретін сарайларды жалғастыратын баспалдақтар биік болып келеді. Көтерілетін адам еңкеймей баспалдақтармен көтеріле алмайды. Бұл әдейі жасалған дейді корейліктер. Император сарайына бет алған кісі оның билігін құрметтеп, еңкейе басып келуі тиіс. Корея халқының тарихына арналған атақты көркем фильмдердің басым көпшілігі Император сарайында түсірілгендігінен хабардар болдық.
СӨЗ СОҢЫ
Оңтүстік Кореядан бір апта ішінде алған әсер өте көп. Оның бәрін бір мақаланың көлеміне сыйдыру мүмкін емес. Шама-шарқымызша ақ қағаз бетін ой-пікірлер тізіле түскен ала жолға айналдыра алдық. Құмартып осы «жолға» үңілгендер өзіне қажетін алады ғой деген ойдамыз.
Алмасбек ӘБСАДЫҚ,
филология ғылымдарының докторы,
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың проректоры.
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың проректоры.