Батыр рухына тағзым
Қостанайдағы ішкі істер академиясына 2014 жылдың 9-желтоқсанында Шырақбек Қабылбаевтың есімі беріліп, оқу орнының алдына ескерткіші орнатылған еді.Ш. Қабылбаев – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР-ның ішкі істер министрі, КСРО ІІД-нің еңбек сіңірген қызметкері. Осы академияның тұңғыш негізін қалаған да Ш. Қабылбаев.
Батыр атына берілген қара шаңырақта қайраткердің туған күніне арналған іс-шара ұйымдастырылды. Тыңдаушылар салтанатты сап түзеп, елімізге белгілі ақын Серікбай Оспанов пен танымал сазгер Қалибек Деріпсалдиннің Ш. Қабылбаевқа арнап жазған әні алғаш рет орындалып, академия маршы болып бекітілді.
Шараға өңірімізге танымал ақын-жазушылар қонақ болды. Олар: Ақылбек Шаяхметов, Серікбай Оспанов, Әсия Беркенова, Нағашыбай Мұқатов, Қалибек Деріпсалдин сынды өнер майталмандары.
Іс-шараның екінші бөлігі академияның мәжіліс залында жалғасты. Онда батырдың туған-туыстары жолдаған естеліктер мен қазақ әдебиетінің көрнекті жазушылары сыйға тартқан Ш. Қабылбаевтың жеке кітапханасы ұйымдастырылған. Кітап сөресіне қазақ халқының біртуар қаһарманы Бауыржан Момышұлы, белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың қолтаңбасы бар кітаптар қойылған.
Сонымен қатар, әнші, жазушы, қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов Шырақбек Қабылбаевқа тарту еткен домбыра көрменің сәнін кіргізіп тұр.
Сондай-ақ, Қостанай облысының қаламгер тұлғалары академия шәкірттерімен тағылымды әңгіме тарқатып, адамгершілік, Отан алдындағы борыштың маңыздылығы мен батыр бабалар ерлігін насихаттады.
Кенже Қонысбай
Суретті түсірген Айбек Жүзбай