“Мейірімді жүрекпен, Асар”

Қайырымдылық жасау, көмек беру – адамдықтың бір белгісі. Қазақ жұмыла қолұшын беріп, қолында барымен бөлісе білген. Мұны біз "Асар" дейміз.IMG_7505
“Қазақстан-Қостанай” телеарнасы осындай игі бастаманы жыл басында қолға алды. “Мейірімді жүрекпен, Асар” деп аталатын қайырымдылық акциясы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қоса осы жылға тұспа-тұс келген телернаның 25 жылдық мерекесіне де арналған. Акция барысында 25 кәсіпорын бірінен соң бірі эстафетаны қабылдап, жағдайы жоқ отбасыларға, жетім балаларға көмек қолын созады. Қиналғанға біріге отырып көмек беріп, асарлататын қазақ өзгенің қайғысын осылайша бөліскен.
–Аталмыш акция жыл басында бастау алды. Осы уақытқа дейін өзіміздің ұжымнан бастап “Агрмаш-Холдинг”, Қостанай мемлекеттік университеті, аквапарк ұжымы эстафетаны қабылдап, заттай көмек көрсетті. Көктем кезінде су астында қалған Суриков ауылына “Нұр Отан” партиясымен біріге отырып, осы жоба барысында жиналған заттарды апардық. Оның сыртында 25 отбасына да қайырым көрсеттік. Бұл мәселені түбегейлі шешпесе де теңіз тамшыдан құаралатынынын естен шығармайық, – дейді жоба авторы, “Қазақстан-Қостанай” телеарнасының журналист-редакторы Жансая Қожахметова.
Ендігі кезек “Қостанай таңы” газетіне де келіп жетті. Бұл ұсынысты ұжым бір ауыздан қолдап, қабыл алдық. Себебі бұған дейін де газетіміздің ұжымы облыстық балалар үйіне көмек беріп, тарыққан жандарға да қол ұшын жұмыла отырып созған еді.  Енді алдағы екі апта бойы қайырымдылық шарасына қатысуды мақсат етіп отырмыз.
Көзіқарақты оқырман да осы шараға асарлатып, үлес  қосамын десе редакцияға келіп, заттай көмек бере алады. Қайырымды жандар киім, кітап, ойыншық, кеңсе тауарларын әкелулеріне болады. Осылайша бірігіп, көмек күткен жандарға жүрек жылуын беріп, қайырымдылық жасаудан тыс қалмайық.   
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓