Ақша үшін абыройдан айрылды
Рудный қалалық соты ІІБ ғимаратында 28 жасар Қанат Қуанышбековқа қатысты қылмыстық істің үкімін жариялады. Органның жас қызметкері қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, алаяқтық жасауға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылды.
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Рудный қалалық ІІБ жол-патрульдік полиция ротасының аға сержанты 9 мамыр күні, сағат 22.00 шамасында Ленин көшесімен жүріп бара жатқан ВАЗ автокөлігін тоқтатып, жүргізушіні медициналық анықтамалықтан өтуге жіберген. Жүргізілген медициналық сараптама оның қанында алкогольдің жоқтығын анықтайды. Бірақ та Қанат Қуанышбеков дегенінен қайтпай, жүргізушінің мас болғанын дәлелдеу үшін қанын зертханалық тексерістен өткізуді бұйырады. Химиялық-токсологиялық зерттеудің қорытындысы жүргізушінің сау екенін көрсетеді. Осы жерде амалы қалмаған жол полицейі жүргізушіге 20 мың теңге беруін талап етеді. Оның айтуынша, бұл қаржы оны тексеріп, жалған қорытынды шығарған дәрігерлерге сыйақы ретінде табысталмақ болатын.
1 маусым күні Қуанышбеков жүргізушіден сұраған ақшасы алып жатқан жерінен құрықталады. Осыған орай сот азаматтың іс-әрекетін қылмыс деп танып, оны 3 жылға жалпы режимдегі колонияға жіберу туралы үкім шығарады. Жас жігіттің дүние-мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметтен алыстатылды. Сондай-ақ Қанат Қуанышбеков маңдай термен келген «аға сержант» арнай атағынан да айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ