Парыз

"Әкем не дер екен, ә?" – Таубай қуана толқып келеді. Үш күн бұрын мұқым ел аумағындағы көлік жолына жауапты министрлікке пара- пар ірі компанияның бас директорлығына үкімет басшысының қолымен бекіді. Министрдің өзі қолпаштап кеп креслоға жайғастырды. Газет-телерадио сол күні-ақ жалпақ жұртқа жайып салды. Енді, міне, жексенбіні пайдаланып, әкесіне келе жатыр. Әкесі… Әкесі болса, күні кешегі ғана заманда бір аудан- ды аузына қаратқан, бір облысты "ойбай кімсің, Шыңбаймын!" дегізген, 65-ке келгенше аттан түспеген жампоздың өзі еді. Құдай қосқан кемпірі жаман аурудан былтыр дүниеден озды. Шың-аға (әлі күнге дейін білетіндер осылай атайды) болса денсаулығына жақпай Астананы тастап, Бурабайдың бауырындағы кенжесінің қолында. Жетпістің жотасына шықты, әлі тың, кенттегі ардагерлер кеңесін басқарады. …Әкесі Таубайды жылы шыраймен қарсы алып, құтты болсын дегенімен баласы күткен ерекше бір ризалық сездіртпеді. Ал інісі ағасын қайта-қайта құшақтап, "Молодец!" деп өзі бастық болғандай мәз-мейрам. Сол күні кешкілік Шың-ағаның аралас-құралас игі-жақсылары, жергілікті басшы әкім-қаралар құтты болсын айтысып, бірер сағат отырып тарқасты. Әйтсе де, әкесі бұл отырыста да айрықша масаттана қойған жоқ. Жұрт аяғы басылып, оңаша қалғанда Таубай ақырын ғана әкесіне: – Көке, бір жеріңіз ауырып жүр ме, көңіл-күйіңіз онша болмады ғой, – деп әкесінің жүзіне барлай қарап. – Тәнім сау, жаным сау емес. Қызметіңнің өскеніне неге қуанбайын, қуандым. Бірақ… Мына дүниенің қызыл түлкісіне қызығып, шалқайып-шайқап жүріп біраз парызды өтеуді ұмытып кетіп, бармақ шайнап қалып едім. Сендер де соны қайталап отырсыңдар – деп әкесі ұлына қадала бір қарап қойды. – Әке, сіз не айтып кеттіңіз, өзі? Ол қандай парыз-қарыз? Сіз – біз ешкімге қарыз емеспіз. – Таубай тулаңқырады, бірақ әкесі ала көзімен атып жібергенде, жым болды. Сәлден кейін барып, кенжесін де ымдап шақырып: – Тыңдаңдар, ендеше. Жаңа сен парыз-қарыз деп кесірлендің. Мені адам қылам деп етегіне сүрініп жүріп өсірген анамныњ қартайған шағында, ер жеткен немерелері болып екеуің де бір рет барып сәлем беруге жарамадыңдар. Қара жер хабар бермесін, алжықан кемпір деген марқұм шешелеріңнің сөзі себеп болды ма білмеймін. Әжелерің адам болғандарыңды көріп бір қуануға зар болып, көз жұмды. Меніњ бір құрсақтан шыққан жалғыз қарындасым Гүлбаршын апаларың өлердегі сөзін айтып тұңғышының тойына шақырғанда – бірде-біреуің төбе көрсетпедіңдер. Тіпті мұны қойшы, шешелерің алты ай ауруханада жамбасы сарғайып жатқанда бар болғаны екі-ақ рет қара көрсетіп, ақша, азық-түлік, дәрі-дәрмекті тау ғып үйіп тастап, сонымен шаруа бітті дедіңдер. Көңілін сұрап, сөйлеспедіңдер, соны айтып аналарыңның көкірегі қарс айырылды. Ой, сұмдық-ай, сендерді туған сол кемпірім өлгенде жерлеуден бір сағат бұрын ғана келіп, мені қоса жерледіңдер ғой. Байқаймын, біреу ақыл -кеңес сұрай қалса, оған ақыл қоспақ тұрмақ, мұрын шүйіре- сіңдер. Сен, Таубай, мына келісің не келіс, келін қайда, ана екі жаман немерелерім қайда ? Мәз-мейрам болып келіп жатсаңдар болмас па? Осының бәрі білгенге – парыз. Адамдық деген осындай парыздардан құралады. Оныөтемегенді түбі Алла Тағала да кешпейді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓