Полицейдің бетін тырнаған
Полицейдің бетін тырнаған Қостанай тұрғыны екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Іс материалы бойынша, 2016 жылдың 22 желтоқсан күні Қостанай қалалық ІІБ оңтүстік полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне зейнеткер қоңырау шалады. Ол өзінің пәтерінде қызы мен онымен бірге тұратын азаматтың алкогольдік ішімдік ішіп, отбасылық жанжал шығарғанын хабарлайды. Учаскелік полиция инспекторы ер кісіден полиция бекетіне баруды талап етеді, алайда заң бұзушы келіспейді. Осы уақытта зейнеткердің қызы мас күйінде полиция қызметкеріне бас салып, оның бетін тырнап тастайды.
Соттың үкімімен әйел кісі кінәлі деп танылды. Оған пробациялық бақылау түрінде екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.