КӨНЕ КЕРУЕНДЕР ЖОЛЫМЕН
VI «Жібек жолы-2016» халықаралық раллиінің қатысушылары 11 шілдеде қазақ даласына келді. Бұл – Ресей, Қазақстан, Қытай мемлекеттерін жалғайтын раллидің үшінші кезеңі. «Көне керуендер жолымен» деп аталған кезеңде темір тұлпар тақымдағандар 2 мыңнан астам шақырымды артқа тастап, Тобыл топырағына аялдады. Экипаждарды алда әлі ұзақ сапар күтіп тұр…
Екі жылдық үзілістен соң Мәскеу қаласында Мәскеу-Пекин бағытындағы ралли-рейд жолға шықты. Ұзын-ырғасы алтыншы рет ұйымдастырылып отырған ралли тарихи Жібек жолының бойымен жүріп келеді. 15 кезеңнен тұратын «Жібек жолы-2016» раллиі рекордтық қашықтықты нысанаға алды – 10 735 шақырым. 16 күн ішінде мәре сызығы кесілуі тиіс. Маршрут үш ел аумағын – Ресей, Қазақстан және Қытай мемлекеттерін басып өтеді. Бұл аса маңызды спорттық оқиға үш елдің тарапынан да ортақ қолдау тапты. Өйткені халықаралық ерекше шара – тек бағзыдағы керуен жолдарын жаңғыртуды ғана емес, қоңсылас мемлекеттердің достығын, ынтымағын нығайта түсуді көздейді.
Супермарафонға 39 мемлекеттен алпыстан астам команда қатысып отыр. Қатарларында осы спорт түрінен әлемді мойындатқандары бар. Жеңімпаздарды ралли қорытындысы анықтамақ. Әзірге олар алғашқы үш кезеңді еңсерді. Мәскеудің Қызыл алаңынан қозғалған «Татарстанға бағыт» атты бастаушы кезеңде 92 жол таңдамайтын және 24 жүк көлігі жолға шыққан еді. Бұл күні қырық шақты елдің экипаждары Казанка өзенінің жағалауына арнайы төселген жасанды 2 шақырымдық құм жол арқылы 853,35 шақырымды артқа тастады. «Татарстан және Башкирия жазығы» аталған екінші кезең аясында жарысушылар Қазан-Уфа бағыты бойынша 626,66 шақырымды бағындырды. Көлік тізгіншілерінің сөзінше, нақ осы бағыт жарысшыларға оңай тимепті. Тоқтаусыз жауған жаңбыр жүрісті өндірмей, белгілі аймақтан зордың күшімен шыққан. Ралли спортының басты мәні де сол – кедергілі жермен жүйткіп, төзімділікті тезге салу.
Не керек, «Көне керуендер жолымен» деп айдарланған үшінші кезең 11 шілдеде қазақ даласында, Қостанай қаласында аяқталды . Раллишілер Уфадан бет алып келді. Екі ара – 815,15 шақырым. Бұл бағыт та анағұрлым сындарлы, жарысушыларға таңдаулы пилотаж көрсетуге тура келді. Ал штурмандарға барынша жинақылық қажет болды.
-Нүктеден 20 шақырым ұзағанымызда, тежегіш әлсін-әлсін істен шыға берді. Қобалжу, қауіп сезе бастадық. Сол қалпымызбен-ақ бірнеше шақырымды артқа тастадық. Кейін монтажшының көмегімен бәрі қалыпқа келіп, алаңдаушылық сейілді. Дөңгелектер де талай мәрте жарылды… Бұл – небәрі үш күн ішіндегі оқиғалар. Әлі алдымызда екі аптаға жуық уақыт барын ескерсек, бізді қаншама сын-сәттер күтіп тұр десеңізші!-дейді жарысшы Юрий Сезатов.
– Ралли – әлсіздерге арналмаған спорт. Төзім, күш-қуат, керек десеңіз, жанкештілікті де қажет етеді. Шүкір, бұл спорт біздің елде де тәуір белең алып келеді. Мәселен, осы халықаралық раллиге қатысушы экипаждардың жетеуі – қазақстандық команда. Атап айтқанда, Astana Motorsport, Mobilex Racing Team, Kazakhstan, Off Road Kazakhstan, Bonver Dakar Project сынды топтар бар. Әрине, жеңістен де үміттіміз. Аралық нәтиже бойынша, отандастарымыздың ішінен Айдын Рахымбаев 6-орында келе жатыр. 13, 16 орындардан төбе көрсеткен жерлестеріміз де бар көрінеді,- дейді тағы бір көлік тізгіншісі Дәулет Оразалиев.
Көлік шабандоздарын әуежай алаңы асқан қонақжайлықпен күтіп алды. Мұнда нөпір мейманның тынығып, тегін ауқаттанып, темір тұлпарларын «жаратып» алуларына жағдай барынша жасалулы.
Ығы-жығы жұрт. Жорналшылар қауымы сапаршыларды сөзге тартып, сұхбаттасып, естелік суреттерге түсіп те үлгеріп жатты.
Ел аяғы басылған шақта, шамамен сағат 11-лерде раллишілердің хал-жайын біліп, қонақжайлық ілтипат танытпаққа облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев пен Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов арнайы келді.
-Бұл оқиға, сөзсіз, Қостанай облысының да тарихында қалады. «Жібек жолы-2016» раллиі – үш мемлекет арасындағы бейбітшіліктің, достықтың, өзара түсіністіктің жолы деп білемін. Құрметті жарысшылар, қадамдарыңыз құтты болсын! Біздің қонақжайлығымызды бағаларсыздар деп ойлаймын. Тілерім – мәреге аман-есен жетіңдер!-деп М.Жүндібаев өз лебізін жеткізді.
Одан әрі ашық аспан астында жоба жетекшілерінің қатысуымен брифинг өтті. Жоба директоры Владимир Чагин ортаға шығып, бұл шараның мән-маңызы, мақсат-шарты туралы әңгімеледі. Меймандос қостанайлықтарға барлық қатысушылар атынан алғыс білдірді. Одан әрі маршрут маманы Виктор Соколов шабандоздарды алдағы кезеңдер туралы, кейбір мәжбүрлі өзгерістер жайлы құлақтандырды. Мәселен, келесі маршрутқа қосымша үш сағат қосылмақ. Бұл – кедергілі, күрделі жолдардың көптігіне байланысты… Барлық кісілердің сөйлеген сөзі ағылшын, француз, қытай тілдеріне аударылып отырды.
…Бүгін экипаждар кезекті төртінші кезеңді таңғы сағат 6.10-да бастап кетті. Әулиекөл ауданының Дүзбай елді мекені маңынан Астананы маңдайға алып жолға шықты олар. «Қазақстанның байтақ даласымен» деп аталған бұл бағытта темір тұлпар тізгіншілері 855,69 шақырымды бағындырмақ. Ат-көлік аман жетсе, елордалықтар оларды ерекше сән-салтанатымен тосып алмақ.
Айта кетейік, «Жібек жолы-2016» раллиі Балқаш пен Алматыға да аялдайды. Ең соңғы нүкте – Пекин қаласы.
Жандос Жүсіпбек
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.