ӘЛЕМДІК ЖЕТІСТІКТЕР КӨРМЕСІ
Жақында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев барлық облыс басшылары және Астана, Алматы қалалары әкімдерінің қатысуымен ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық және оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізді. Жиынға қатысушылар Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне әзірлік бойынша жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдардың жұмыс штабтарының жұмыс барысын қарастырды. Көрмені насихаттау, еріктілік қызмет, туристік пакеттер әзірлеу, Астанадағы нысандардың көрмеге келушілерді қабылдау дайындығы, астаналық әуежай терминалының құрылысы, қонақ үйлер қорының әзірлігі және логистика мәселелері талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр жауапты мемлекеттік органдарға ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық барысын бақылауға алуды және көрме нысандарының мерзімінде пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов құрылыс жұмыстарының кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын және биыл жыл соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді. Қазан айында павильондар халықаралық қатысушыларға, ал тұрғын үйлер делегация мүшелеріне берілетін болады.
Бұдан бөлек, А.Есімов 105 ел мен 17 халықаралық ұйымның көрмеге қатысатынын растағанын айтты. Арнайы секциялардың 98 комиссары тағайындалды.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының мәліметіне сенсек, көрмеге Қостанайдан 757 адам келеді. Олардың 430-ы қонақ үйлерде тұрақтаса, қалғаны туыс-туғандарына орналасады. Келушілерге барлық жағдай жасалған. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» жүргізген сауалнама бойынша, Қостанай облысы тұрғындарының 82,6%-ы ЭКСПО туралы толық мәліметке ие.
Еске салайық, Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Улугбек Розукулов Қазақстанға жасаған іссапары аясында Қостанай облысына арнайы келді. Өзбекстандық делегация ауылшаруашылық техникасын, жеңіл автокөлік, жеңіл және ауыр коммерциялық техника өндіретін кәсіпорындарының жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, Өзбекстан басшылары Қазақстанға сапары барысында Самарқан мен Бұхараны ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтарына арналған турпакетке қосу жайын талқылады. Басқосу барысында, алдағы ынтымақтастық пен техникалық мәселелерді де қозғалды.
«Құрылыстың ауқымы мен сапасы таң қалдырады. Қазірдің өзінде көрменің шын мәнінде сәтті өтетіндігіне күмән жоқ. Өз тарапымыздан ЭКСПО-2017 аясында Самарқан мен Бұхараға арнайы туристік турларды ұйымдастыруға дайынбыз», – деді Улугбек Розукулов.
Қазіргі таңда, шетелдік туристер үшін Қазақстанның барлық өңірін қамтитын 73 маршрут әзірленген. Келесі жылы ЭКСПО-2017 көрмесін 5 миллионнан астам келуші болады деп күтілуде.
Жаңа жоба жүзеге аспақ
«Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы «National Geographic»-пен бірге арнайы жоба жүзеге асыруда. Бұл туралы компанияның Ілгерілету және туризм департаментінің директор орынбасары Роза Асанбаева, «National Geographic Traveler» бас редакторы Ольга Яковина және Ілгерілету және туризм департаментінің бас менеджері Даниал Сержанұлының қатысуымен болған баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Арнайы жоба екі байқауды қосады. Бірі – «Қазақстан – жаңа ашылым уақыты», екіншісі – «Қазақстан – болашақ энергиясы».
«Қазақстан – болашақ энергиясы» фотобайқауы қыркүйектің соңында басталып, бір айдан астаму ақыт жалғасады. Жеңімпаздың туындылары National Geographic-тің әлеуметтік желілерінде орналастырылады.
«Астана ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу аясында: дәріханалар, төлем сервистері, ҚР бойынша турлар ұйымдастыру, баспахана, өндірістік, жөндеу қызметтері, ұйымдастырушылық техниканы жалға беру, фото және бейне түсірілімдер, жөндеу қызметтері, автокөлікті жалға беру, аударма қызметтері, киім тігетін орын, заң, консалтингілік қызметтер ұйымдастырылады. Күн сайын көрме аумағында концерттер, шоу, «Ұлттық күндер» шарасы және басқа ойын-сауық бағдарламалары өтетін болады.
Ұлттық компанияның коммерциялау департаменті жүргізген талдау нәтижесі бойынша, бүгінгі таңда көрме шеңберінде көрсетілетін 25-30 коммерциялық сервис бар. Әрбір пункт бойынша 3-6 компанияны іріктеу жоспарлануда. Бұл функцияларды қамтамасыз ететін қызметкерлер саны – 5-10 мың адам. Коммерциялық сервистер бойынша ЭКСПО табысы 500 мыңнан астам еуроны құрайды деп болжануда.
Шетел турисінің портреті
ЭКСПО-2017 Статистика комитеті «Көрмеге келуші» портретін құрды. Оған дейін алдын ала сауалнама жүргізілген-тін. Нәтижеге сүйенсек, респонденттердің 91%-ы көрме туралы біледі және үштен екісі көрмеге баруға дайын.
Жалпы, ЭКСПО-2017-ге 300 мыңнан кем емес шетелдік келеді деп күтілуде. Сауалнама қорытындысы бойынша шетелдіктердің 65%-ы 3-5 мың теңге тұратын билеттерді сатып алады, көбіне қонақ үйлерде орналаспақ. Шетел туристерінің көбі Бурабайға баруды жоспарлауда, аз бөлігі Ақмола және Қарағанды облыстарына, одан алыс өңірлерге шығатындар да сирек. Ал, қостанайлық 190 адам қазірдің өзінде Бурабайға билет алып қойған.
Халықаралық көрмелер бюросының талабына сәйкес, Қазақстан көрмені ұйымдастырушы ел ретінде халықаралық қатысушылардың тұратын орындарын қамтамасыз ететін болады. Қонақтарға 1300 пәтер қарастырылған. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 300 техника мен 700 құрылысшы жұмылдырылған. Кешеннің жалпы ауданы –173,4 гектар. Ал көрме аймағы – 148,5 га.
Шетел турисі Қазақстанда орташа есеппен 6 күн өткізеді, осы уақытта 64,2 мың теңге жұмсайды, яғни, шамамен күніне 11,3 мың теңгеге шақталады.
Шығындардың көп бөлігін халықаралық тасымалдар алады (36%).Тағы 18% азық-түлік емес тауарларға кетеді, оның аз ғана бөлігін киім-кешек және аяқ-киім (39%), кәдесыйлар мен сыйлықтар (27%) құрап отыр. Үшінші орында азық-түлік өнімдері, тағы 17% шығын кафе және мейрамханаларда жұмсалады.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттер «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының ресми сайтынан алынды;
Инфографикалар expo2017astana.com сайтының деректері бойынша жасалды.