Жаза жеңілдейді деп үміттеніп еді
Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжанов пен оның орынбасары болған Мақсұт Қалиев, «Шарт-Астық» ЖШС директоры Леонид Васильев, «Стройметсервис-2007» ЖШС директоры Сергей Биктибаев және «Сыл» ЖШС басшысы Гагик Овнанян шағымына қатысты облыстық сотта қаралған апелляциялық іске нүкте қойылды.
Үш аптаға жуық қаралған отырыста мемлекеттік айыптаушылар А.Ахметжановтың жазасын алғашқы сот үкіміндегі мерзімде қалдыруды, ал қылмыстық жолдармен тапқан қаржыны бұрынғыдан еселеп қайтаруды талап еткен болатын. Шаһардың бұрынғы басшысы мен оның қорғаушылары керісінше, бұл айыптаулармен келіспейтіндіктерін мәлімдеді. Тіпті, экс-шенеуніктің өзі «мемлекеттік қызметте жүргенімде, қоластымдағыларға қадағалау жасай алмай, тек салғырттыққа жол бергенім болмаса, қалған эпизодтарда кінәлі емеспін» деген еді. Шағым істі қараған облыстық соттың алқасы прокурорлардың айыптауына тоқталды – экс-әкімнің жаза мерзімі бұрынғыша 13 жыл болып қалдырылды, ал оған мемлекетке 85,4 млн. теңге қайтару міндеттелді.
Ал билік өкілдерімен ауыз жаласа отырып, өңіріміздегі белді кәсіпкерлердің мемлекеттік байқауда жеңімпаз болуына ықпал еткен, оларды пара беруге көндірген деп айыпталып, 14 жылға бас бостандығынан айырылған «Шарт-Астық» ЖШС директоры Леонид Васильевке қатысты шығарылған алғашқы сот үкімі сол күшінде қалды.
Қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Қалиевтің ісіне қатысты да пікірдің екіге жарылғанын айта кетейік. Кейбір сотталуышылардың қорғаушылары оны 13 миллион теңге парамен ұсталса да, кейін делдал болып шыға келгеніне келіспейтіндер бар. Себебі, ол былтырғы жылдың 1 тамызында қолма-қол ақша алып отырған жерінде қолға түсті. Ал тергеу изоляторында жатып, басшының нұсқауын орындағанын, осы ісіне өкінетінін айтып, жауаптан босатуын сұраған екен. Сот алқасы М.Қалиевтің жазасын 4 жылдан 3 жыл мерзімге төмендетті.
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген «Стройметсервис-2007» ЖШС директоры Сергей Биктибаевтың жаза мерзімі 10 жылға төмендетілді. Оның осы сот барысында жасаған қылмысына өкінетіні ескерілді.
Облыстық сот алқасы «Сыл» ЖШС басшысы Гагик Овнанянның жаза мерзімін 10 жылдан бірден 3 жыл 6 айға дейін қысқарту үкімін кесті. Және сотталуышының мүлкін тәркілеу туралы шешімнің күші жойылды. Жазаның бұлайша жеңілдеуіне Овнанянның мемлекетке шығындарды өз еркімен өтеуі, бұған дейін өңіріміздің дамуына қосқан үлесі себеп болыпты. Оның бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды салған абыройы да ескеркелді. Тіпті, халықаралық байқаудан үздік салық төлеушінің алтын медалін жеңіп алғаны да айтылмай қалған жоқ.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.