Өнер мектебіне – 15 жыл
Н.Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің 15 жылдығына арналған “Өнерлі өреніміз өр Торғайдың” атты мерекелік концертіне жиналған көрермендердің санында шек жоқ. Астана, Қостанай, Арқалық қалаларында тұратын торғайлықтарда ат арытып келген. Бұған дейін де өнер мектебінің ұйымдастырған мәдени көпшілік іс-шаралары жоғары деңгейде өтіп, өнер сүйер қауымның алғысына бөленген болатын. Ал мектептің 15 жылдық мерейлі мерекесіне арналған бұл кештің маңызы бөлек. Алты бөлімнен тұратын мерекелік шара таңертеңгі сағат 9:00-де басталып, кешкі 23:00-де мерекелік от шашумен аяқталды.
Тарихи мұражайлар өткеннен сыр шертеді
(1-бөлім)
Сырттан келген мәртебелі меймандармен өнер мектебінен қанат қағып, әр аймақта өнер саласындағы білімдерін шыңдап жүрген мектеп түлектері аудан орталығындағы тарихи мұражайларды аралап, ел мен ер тарихы жайлы көптеген мағұлұматтар алды. Өздерінің қызығушылықтарын тудырған тарихи оқиғалар жайлы мұражай қызметкерлерінен сұрап, білмегендерін толықтырды.
-Талай аласапыран заманды бастан өткерiп, осы күнге аман жетiп, батырлардың ерлігімен, ақындардың өрлігімен, шешендердің сөзге деген шеберлігімен танылған Торғай жерiнiң тарихы тереңде. Туған жердің шежірелі тарихын жас ұрпаққа насихаттап, үнемі санасына сіңіріп отырса игі, – дейді мұражайларды аралаған меймандар.
Алған асу, жеткен жетістік
(2-бөлім)
Бұл бөлімде бейнекөрсетілім арқылы өнер мектебінің алғашқы жылдары құрылған тарихы жөнінде сыр шертілді. Мектептің ашылуына мұрындық болған ел жанашырларының пікірі көпшіліктің назарына ұсынылды. Тұңғыш рет облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, мектеп қоржынына алғашқылардың бірі болып, жеңіс медалін салған түлектердің есімі жауһар жырлармен өрнектеліп, ел мерейін көтерді. Сонымен қатар әнші, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлкеттік сыйлықтың, Қазақстан жастар Одағы сыйлығының, Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты, Өзбекстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Нұрғали Нүсіпжановтың "Торғайдың Шәмшісі" атанған талантты сазгер Болат Хамзин жөнінде айтқан сөзі мен теңдессіз дарынына берген бағасын естіп, бір марқайып қалдық.
(3-бөлім)
Торғай топырағы таланттарға бай. Ақындар мен батырлардың, ғұлама-ғалымдардың елі атанған өлке. Өнер мектебінің түлектері де ауыз толтыра мақтауға лайықты. Мектептің атын ғана емес Торғай жерінің абыройын асқақтатып, өнер туын көкке көтерді. Облыстық, республикалық, байқаулардың жүлдегері, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының студенті Жәуке Оңдаған, айтыскер ақын Айбек Қалиевтің мектептің мерейтойына арнаған арнауымен сахна шымылдығын ашты. Мектеп жанынан құрылған “Жас талап” ансамблінің орындаған “Қызыл қайың серпер” күйі кеш шырайын аша түсті. Облыстық байқаулардың жеңімпазы Қанат Ражанов әуелеткен “Ассалаумағалейкум” әні жиылған қауымды бір серпілтіп тастады. Ресейдің Челябі қаласында өткен халықаралық «Хрустальная капель» байқауында Гран-приін жеңіп алған Алтынай Жаңабай орындаған “Отырардағы той” әні көрермендердің құлақ құрышын қандырды. Н.Тілендиевтің “Жекпе-жек” күйін қасиетті қара домбыраның шанағынан төгілткен Әсем Искакова зор қошаметке ие болды.
Ол 2006 жылы аймақтық ән байқауында Гран-при иегері атанды. Республикалық, халықаралық байқауларда аудан намысын қорғап, жүлделі орындардың биігінен көрініп, бір жола өнер саласына бет бұрды. Қазіргі таңда Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясынның түлегі атанған Талғат Сапабек әсем кеште “Ана-әке” әнін шырқап, жүректерден жол тапты. Бірнеше дүркін облыстық термешілер байқауының жүлдегері Фариза Жоламанова халық әндерінен “Папури” орындап, өнер жанашырларын өзіне баурап алды. Би бөлімінің оқушылары, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Аймекен Сапарова мен Томирис Ақтастың мың бұрала билеген “Жайлауда” биі көңілдерге серпін берді. Сондай-ақ, “Домбыра”, “Қобыз” бөлімінің оқушылары орындаған күйлер мен лирикалық әндер көрермендерге рухани демалыс сыйлады. Ал “Бейнелеу” бөлімінің оқушылары ерекеше жанрда өнер көрсетті. Дарынды балаларды дәріптеп, оларды республика жұртшылығына танытқан “Вокал” бөлімінің мұғалімі Бибігүл Сұлтанованың шәкірттері А.Дүйсеновтың “Ұстазым” әнін нақышына келтіріп орындап, ұстаздарына деген ілтипаттарын білдірді.
Жемісті еңбек – елеулі марапат
(4-бөлім)
Концерттік кеште сөз сөйлеген аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин мерекелік концерттен алған әсерін көрермендермен бөлісті. Торғай өнері еш уақытта өшпейтіндігін айта келіп, өнер мектебінің тынымсыз жасап жатқан жемісті жұмыстарын, ізденістерін, жаңашылдықтарын, жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы баға жетпес еңбектерін тілге тиек етіп, арнайы алғыс хатпен марапаттап, 500 000 теңгенің сертификатын табыс етті.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Наурызбай Сейдахметов және әдістемелік кабинет меңгерушісі, кәсіподақ ұйымының төрайымы Жұпаркүл Хамзина Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының құттықтау хатын оқып беріп, аудандық білім беру бөлімінің алғыс хатын және ақшалай сыйлығын тапсырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы “Қайырымдылық керуені” негізінде құрылған “Аналар кеңесінің” төрайымы Бақтыгүл Сейтқазиева аудан аналары атынан қомақты қаржы табыстады. Көп жылдар мәдениет саласында қызмет істеп, аудан мәдениетінің дамуына үлес қосқан Қойшы Сәрсенгелдин өнер жолы оңайлықпен келмейтінін, ізденіспен жауапкершілікті талап ететінін айтты. Ақын, ұлағатты ұстаз, халық ағарту ісінің үздігі, “Алтынсарин медалі” иегері Бәтима Сәбитқызы той жоралғысын тарту етіп, Астана қаласының тұрғыны “Хасенхановтар” отбасының маржан сөзбен өрнектелген аманат тілегін жеткізді. “Нұр Отан” аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рауыл Ахметжанов, ата-аналар қауымы да марапат рәсімдерін жасады.
Өнер мектебінің директоры Жанар Асанханқызы үнемі қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып, мектеппен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрген ата-аналарға алғыс хаттар арқылы ризашылығын білдірді. Тағы бір айта кетерлігі, мектептің 15 жылдық мерейтойына арналып Қостанай баспаханасынан биыл ғана басылып шыққан “Өнер мектебі” атты кітапты барлық кеш қонақтарына таратты.
Өнерліге өріс кең
(5-бөлім)
Өнер мектебінің мұғалімдері мен оқушылары домбыра тартып, ән айтып, би билеуден тыс әртістік қабілеттерін шыңдап, шағын қойылымдарды көпшіліктің назарына ұсынып келеді. Сахналық рөлдерді сомдап, кәнігі театр әртістеріндей дәрежеге лайықты. Кеште өнер мектебінің ұжымы қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғ.Мүсіреповтің “Қыз Жібек” спектаклін сахналауда шеберліктерін танытып, таңдай қақтырды. Әсіресе Бекежанның рөлін сомдаған Алмас Нұрлан актерлік шеберлігін байқатты. Мектеп мұғалімі Байдос Шегенің рөлін ойнағаны өзіне жарасымды болды. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің түлегі Заманбек Нағашыбайдың сырт пішінін бір қарағанда шынайы Төлегенге қатты ұқсаттық. Осы арада спектакльді дайындаған режиссердің талғампаздығына таң қалмасқа шара жоқ. Қазақтың қарапайым қызына ғана жарасып тұратын мінезі биязы, ибалы, инабатты сұлу Жібектің рөлін сомдаған Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Томирис Ақтас кейіпкердің мінсіз бейнесін ойдағыдай ойнап шықты. Көрермендер де ыстық ықыластарын білдіріп, ұзақ қол соқты. Спектакльді әнмен әрлеген Н.Иванов атындағы орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі – Алмас Сейлхан.
Аудан әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров өнер иелеріне аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың атынан ризашылығын жеткізіп, мақтауға сөз айтуға ауыз талмайтындығын сөзіне арқау етті.
-Мектептің 15 жылдығына арналаған мерекелік іс-шара мен ойлағаннан да керемет өтті деп айта аламын. Себебі көрермендер өз бағаларын беріп, майын тамызып мақтағанда төбеміз көкке бір елі ғана жетпей қалды. Ұжымымның ұйымшылдығының арқасында қолдау мен қошаметтен кенде емеспіз. “Саусақ бірікпей, ине ілікпейді” деген халық даналығы бар. Жұдырықтай жұмылып екі айдай дайындалғанымыздың нәтижесі бізді биікке көтерді. Алтын уақытын бөліп, шалғай аудан болса да, сөзімізді жерге тастамай, өнерге деген шын жанашырлығын танытқан І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, режиссерлік қабілеті зор Қуаныш Маратұлына деген ілтипатым шексіз. Сонымен бірге, мектеп ұжымын сахналық киіммен көркемдеген аталмыш облыстық театр ұжымына, Арқалық қалалық жасөспірімдер театрының әртісі, әрлеуші Ұлжалғас Сейдахметоваға, Қыз Жібектің киімін әзірлеуге қол ұшын берген аналар қоғамдық қорының төрайымы Бақтыгүл Міркемелқызы мен мекеме басшылары яғни қыздар ұжымына айтар алғысым шексіз,- дейді мектеп директоры Жанар Шалабай.
Қазақтың салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртты
(6-бөлім)
Өнер мектебінің 15 жылдығына арналған меркелік кештің соңғы бөлімі – “Алтыбақан” ойыны жастарды шаттыққа бөледі. Қазқтың салт-дәстүрлеріне сай ойындар ойнатылды. Бозбалалар мен бойжеткендер әткеншек теуіп, жастар мәре-сәре болып тарқасты.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ,
Жанкелдин ауданы.