Жақан Қосабайұлының құрметіне арналды
Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен Торғайды түлеткен тұлға, алғаш осы өңірдегі самбо күресінің ірге тасын қалаушы Жақан Қосабайұлының құрметіне арналып, алғаш рет дәстүрлі ұлттық қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров Жақан ағамыздың өлшеусіз еңбек жолдарына тоқталып, ауданның дамуына қосқан шексіз үлесін тілге тиек етті. "Біртуар тұлғаның Торғай елі үшін жасаған елеулі еңбегін бір күнде айтып жеткізу мүмкін емес" деп, сөзін түйіндеді.
Спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Ақшығанақ Нұғыманов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыстың бас төрешісі, қазақ күресінің жаттықтырушысы, ұлттық дәрежедегі төреші Әділбек Молдағасымов сайыстың өту тәртібі және ережесімен таныстырды.
Бәсекеге Арқалық қаласының және Аманкелді мен Жанкелдин аудандарының Сужарған ауылы, Ақшығанақ пен Жаркөл ауылдық округтерінің жас палуандары қатысып, әр салмақ бойынша боз кілемде белдесіп, бақ сынады.
Жоғарғы салмақ дәрежесінде белдескен палуандар жарыстың шырайын келтірді. Жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Тартысты өткен ақтық бәсекеде жауыры жер иіскемей жеңімпаз атанған жерлесіміз 73 келі салмақ бойынша Думан Қапсұлтан 1-орын иегері атанды. 2-орынды амангелділік Сержан Карбозов еншіледі. 3-орынды жаркөлдік Берік Айтжан мен Сужарған ауылының палуаны Райымбек Әшім теңдей бөлісті. Әр салмақ бойынша белдескен палуандар өз дәрежелерінде жеңіс тұғырына көтерілді. Жеңімпаздар мен номинация иегерлері алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастыру алқасының мүшелері жомарттық танытып, демеушілік жасаған әділет басқармасының басшысы Берік Макановқа шексіз алғыстарын білдірді.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы