“Саламатты Қазақстан” – Сарыкөлде
Бүгін Сарыкөл ауданына «Саламатты Қазақстан» арнайы консультациялық-диагностикалық медициналық пойызы келіп, халыққа қызмет көрсетті.
Пойыз басшысы Төлеужан Жақыпбековтың айтуынша, олар 10-мамыр күні Астанадан шыққан. Содан Қарағанды мен Көкшетаудың жол бойындағы шағын станциялар мен оларға жақын маңдағы ауылдарды аралап келеді.-Бүгін Сарыкөл станциясына тоқтадық. Бұл жерде ертең кешке дейін боламыз. Сондай-ақ, Қостанай облысының тағы 15 бекетін қамтуды көздеп отырмыз. Жалпы, пойыз барлық қажетті диагностикалық аппараттар мен кәсіби медициналық кадрлармен қамтылған. Медицина қызметкерлері халыққа барлық қызметті ақысыз көрсетеді, – дейді ол.
Ал, пойыздың бас дәрігері Гүлнар Ибентаеваның айтуынша, келушілерге УДТ, ЭКГ, ЭХО және тағы басқа медициналық, лабораториялық зерттеу қызметтері көрсетілмек. Бас-аяғы 27 дәрігер бар. Жұмыс таңғы сағат 8.00-ден басталды. 11.30-ға дейін 60 адам тіркелген. Солардың бірі – сарыкөлдік Айгүл Байманова.
-Медициналық пойыз келеді дегенді естіп, таңертеңнен кезекке тұрдым. Жаңа терапевтке кіріп шықтым. Өз ісінің білікті маманы екен. Мені тексеріп, тиісті дәрігерге жіберді. Енді, тағы кезекте тұрмын, – дейді ол.
Айта кеткен жөн, «Саламатты Қазақстан» арнайы пойызы Қазақстанда жедел-көліктік медицинаны дамыту шеңберінде Елбасының тапсырмасымен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, ҚР Төтенше Жағдайлар мен Денсаулық сақтау министрліктерінің бастамасымен құрылған.
Медициналық пойыз Сарыкөл станциясында ертеңгі сағат 18.00-ге дейін аялдайды.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.