Жаңа жобалар – дамуға негіз
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтың кезекті жұмыс сапары Рудныйдағы металл илектеу зауытында жалғасты. Әкімге қала құраушы кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлары жайлы «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев баяндап берді. Оның айтуынша, кен алыбы 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында 5,3 млн тонна темір өнімдерін шығарып, оның түгелін еліміз бен шетелдің компанияларына өткізген. Жыл соңына дейін тағы да 6 млн тонна дайын өнімді жөнелту көзделіп отыр. Шикізат нарығындағы қиын жағдайға қарамастан еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шаралар өз нәтижесін беріп, жұмыс орындары қысқартылмаған. Қызмет көрсетуші ұйымдарды қоспағанда кен алыбында 17360 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы көлемі болса, 2015 жылмен салыстырғанда 8 мың теңгеге өсіп, 147 мың теңгені құраған. Архимед Бегежанұлы кәсіпорынның әлеуметтік саясаты шеңберінде қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын сұрады.
– Тұрғын үй бағдарламасы бойынша Қашар және Сандригайло көшелерінде 2 үйге құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жоба бойынша 1,2 млрд теңге жұмсалып, осы жылдың қарашасы мен 2017 жылдың ақпанында 165 пәтер пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ Қостанай облысындағы спорттың дамуына, діни және мәдениет ошақтарын жөндеу мен тұрғызуға, қайырымдылық шараларына 672 млн теңге бағытталған. Бұдан бөлек жұмыскерлердің әлеуметтік пакеті мен демалысын ұйымдастыруға 1,1 млрд теңге бөлініп отыр, – деді бірлестік басшысы.Облыс әкімі тұрғын үйлерге инженерлік желілерді жүргізу жобасын энергетика басқармасына тез арада тапсыруды бұйырды. Сондай-ақ өнім түрлерін арттырып, жұмыс орындарын ашуға бағытталған жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты. Архимед Мұхамбетов сапар соңында зауыттың шар илектеу цехын аралап, мұнда өндірілетін өнімнің түрлерімен танысты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.