Елдік мерекелер – тарихи таңдауымыз
Биылғы жыл еліміз үшін маңызды мерейтойларға толы. 6 ақпан күні Қазақстан халқы Ассамблеясын мерекелеу басталып кетті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын барша ел болып атап өттік. Қазақ хандығының құрылғанының 550 жылдығы жыл бойы тойланбақ. Сондай-ақ, Ата Заңымызға 20 жыл толады. Тобыл өңірі де республика деңгейінде барлық мерекелерді жеке-жеке атап өту мақсатында жоспарлар жасады. Бүгінгі таңда той тойлаудан гөрі оның идеологиялық, тарихи құндылығы маңызды. Мұндай салмағы зор шаралар барысында Елбасымыздың халыққа Жолдауын, Қазақстанның алдағы даму сатысын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жұртшылыққа кеңінен насихаттау мемлекеттігіміздің әлеуетінің артқандығын айқындайтын жол.
Бейсенбі күні аймақ басшысының орынбасары Мұрат Дәрібаевтың жетекшілігімен өңір әкімдігі жанындағы ұлттық тарихты зерттеу мәселелерін үйлестіру жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Оған басқарма басшылары, ЖОО және БАҚ жетекшілері, ғалымдар, ұстаздар, ҮЕҰ өкілдері, тілшілер қатысты. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов аймақтағы мерекелерге байланысты жоғарыда айтылған және өзге де атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталды.
– Жылдың алғашқы жартыжылдығы Ұлы Жеңіс мерекесін атап өту шараларына арналды. Түрлі жиындар, басқосулар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Жеңіс эстафетасы өңірдің барлық аудан-қалаларында болып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына сақтауға қойылды. Ассамблея жылына орай «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» мега-жобасының негізінде «20 ізгі іс» акциясы жалғасуда. Ал алдағы шілде-қазан айлары аралығында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері аймақтың барлық өңірлерін аралауды жоспарлап отыр.
Қазақ хандығының мерейтойы мен Конституцияның 20 жылдығы да әсерлі шаралардан тыс қалған жоқ. Студент жастар арасында конференциялар, дебаттар, тарихи экскурсиялар, көрмелер, сахналық көріністер, жас ақындар айтысы ұйымдастырылып, кітаптар жарық көрді.
Қоғамдық кеңесте областық мұрағаттар мен құжаттар, облыстық тілдерді дамыту, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалардың басшылары сөз алып, өздері басқаратын саланың жұмыстарымен таныстырды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ