Бір ауыз сөз
Есіктің қоңырауы шырылда-ды. Айкүміс өз бөлмесінде айна алдында отырған. Есікті ұлы Берік ашты.
– Кешіріңіз, айып ете көрмеңіз, Берік мырза. Сізді жұмысыңыздан жолықтыру қиын. Басқа амалым қалмады. Өткенде ауруханада көргенсіз. Бір ғана өтінішім бар. Маған мүгедектер үйіне орналасуға жәрдемдесіңіз. Сіздің бір ауыз сөзіңіз жеткілікті. Бір ауыз ғана… – деп, мыжырайған жігіт ағасы сұлқ тұрып қалды.
– Жарайды. Ертең сізге хабарласады.
– Рақмет, көп рақмет! – Есіктің жабылғаны естілді. Айкүміс өз бөлмесінде бәрін де тыңдап тұрған. Басқа-басқа,
дәл мұндайды күтпеген. Зарыққан бұлардың үйіне келеді деген үш ұйықтаса да түсіне кіріп пе? Бәрінен бұрын За-рыққанның «Бір ауыз сөз» дегені жүрегін дір еткізді. Апырай, ә, мына бәле сол күйі өзгермепті…
…Осыдан отыз жыл бұрын жастар кешінде танысып, Айкүміс бұйра шашты аққұба жігітті құлай сүйген. Ол да
үйіріліп түсіп, он екіде бір гүлі ашылмаған Айкүмістің қыр соңынан қалмады. Бір күні «бір ғана ауыз сөзім бар, шығып кетші» деп жатақханадан шығарып алғаны, мұның жал-дамалы пәтеріне барғаны, сол түні бұла күйінен айырып тынғанын қалай ұмытсын. Бұ бәтшағар, сол түннен кейін із-түзсіз кеткен. Айқүміс болса күндердің күні аяғы ауыр екенін бір-ақ білді. Зарыққанды іздеп көріп еді, таппады. Телефоны сөндірулі, тұратын жері белгісіз. Сол кеткеннен мол кетті. Айкүміс болса… Әке-шешесінің үкілеп өсірген жалғыз баласы, жалғыз қызы. Қайтті: ұяттан кісі өртеніп кетпейді екен, ұят деп қызынан безіп кетпейді екен. Баласының келешегін ойлап, сағын сындырмай Айкүмісті босанды-рып алды. Айкүмістің әкесі шатаны өз атына жаздыртты. Оған Берік деген атты да берген осы кісі. Мына алмағайып дүниеде мықты да берік болсын дегені. Берікті обалына не керек, қатарынан кем қылмады. Қабағанға қаптырмай, тебегенге тептірмей өсірді, оқытты. Құдайдың құдіреті, бұлардың тілеуіне орай Берігі де атына сай қағылез, шы-мыр, алғыр болып шықты. Қызметі де тез өсті. Қазір шағын қаланың әкімі. Некесіз дүниеге келген деп ешкім де аузын аша алмас. Әйтсе де, күндердің күні..
…Айкүміс кешқұрым теледидар көріп отырған. Қала әкімі Берік Таңатаров медицина қызметкерлерінің күні
қарсаңында қалалық аурухананың жай-күйімен танысып, аралап көрді. Палаталарға кіріп, науқастармен тілдесіп
жүр. Бір уақытта өз көзіне өзі сенбеді: Берік аурухана төсегінде жатқан Зарыққанмен сөйлесіп тұр! Айкүмістің
дегбірі қашты. Бұл тағдыр тәлкегі дегенді қойсаңызшы. Бұрын үнді киноларына сенбеуші еді. Өтірік, қисынсыз
деп теріс айналатын. Міне енді, шынымен-ақ өмірде не болмайды деген сөзге нанайын деді.
Ұлының үйге келуін асыға күтті. Есік қоңыраулағанда жүрегі өрекпи жөнелген. Берік үйге әдеттегіден көңілді
кірді. «Ұлым әкесімен табысып алғаннан сау ма өзі?»
– Мама, түсіңіз қашып кетіпті қой. Не болды? Маған бү-гін облыс әкімі істеген жұмысыма жақсы баға берді. Табыс
тіледі! – деп баласы бастырмалата сөйлеп төргі бөлмеге оза берді. Сонда ғана Айкүмістің жүрегі орнына түсті. Ба-сымның әдеттегі сақинасы ғой деп баласының көңіліне дік келтірмеді. Әйтсе де, ұйқысы шала, таң атысымен-ақ ауруханадан бір-ақ шықты. Зарыққанды тауып алды. Көрді де, ит терісін басына қаптаймын деген іштегі шемен-кек адыра қалды. Баяғы Зарыққан емес, қарсы алдында сы-рықтай бойы бүкірейіп, бет-аузы мыж-мыж, көзі үңірей-ген біреу тұр. Ұққаны, бауырдың қатерлі ісігі асқынуының салдарынан, мүгедек болып қалғалы бес жылдан асыпты. Мұның пұшайман халінен жалыққан әйелі ажырасып, пәтерден қуып жіберіпті. Не пана, не бала жоқ, қаңғып қалған екен. Соқа басы сорайып, үйсіз-күйсіз әр туысын бір сағалап жүріпті. Енді міне, ауруханадағы жатысы. Айкүміс әңгімені ұзатпады. Теледидардан көріп қалғаннан кейін келдім деуден аспады. Баласы туралы да жақ ашпады. Бір-бірімізден аулақ жүрейік деумен хош айтысып кеткен. Енді, міне, келесі.