Құралайдың салқыны
Мамырдың соңғы күндері ызғырық жел есіп, күн суытып кетті. Оған тек апам ғана қуанып жүр. Жиі-жиі тысқа шығып, сонау көкжиекпен астасқан аққұба құмды жондарға қарайлай береді. Сексеннің жуан ортасынан асып кеткен, әлі ширақ, өзгелердей ақылап-үкілеп діңкем құрып отыр деп ызбайланбайды. Тек былтырғы киік қырылғалы бері ұйқысы шала. Киікті нақа біз қырғандай, бүкіл үрім-бұтағын, ауыл-үйдегі көзіне көрінген кісі атаулының екі аяғын бір етікке тығып жіберердей зілдене сөйлейтін бір әдет тапты..
– Алла тағала да ындыны жаман адамзат пендесіне еріп кетпеді ме деп шошимын, – деп анда-санда өзінен-өзі кейіп қоятынды шығарды. Міне, үш күннен бері апамның қабағы жазылған, жүзіміз жылы. – Енді, Алла жазса, лақтасымен-ақ киіктер құралайын суық жерден тұрғызып, жүгіртіп өргізеді. Былтыр күрт ыстыққа шыдамады ғой… – деп, апам көрші-қолаң жиналатын шарбақтың күншуағында әңгіме бастап кетті. – Мына аузы сүйреңдеген келін- шектер киік құрам жоқ. Ұрғашы киік жаңа туған құралайдың кез келгенін емізіп, бауырына ала береді. Құралайға жетімдік, жалғыздық көрсетпейді. Ал адам болса баласын қоқысқа тастап кетіп жатыр. Жердің бетінде жүріп, жерге де безбүйрек.
Апам ызалы сөйлеп отыр: білгенін айтады, көргенін айтады. Мен болсам оқығанымды есіме түсіремін. Айталық, Алаш баласы кие санап жүрген көкбөрінің киік етіне құмарлығы сондай, киік тұрғанда қойға қарамайды екен. Ал, бірақ, бір ғажабы – қасекеңнің мұндай тәбетінен жеритін де кезі бар. Ол – ақбөкеннің жаппай төлдейтін кезеңі. Сол кезде киік етінің исінен қасқыр құсатын көрінеді. Құралайын өргізіп, киік кеткесін арланның тәбеті қайта оралады екен. Сондай-ақ, дала өсімдігі – түйетабанның ірі жасыл-қызғылт түсті, тостағандай жапырақтары жаңа туған құралайға тас қорған. Қанша жерден алғыр десе де, дала бүркітінің қырағы көздері жапырақтың қойнындағы құралайды көрмейді екен. Құралай аяқтанысымен-ақ, түйетабан келесі көктемге дейін жоғалып, киіктерге ілесе «қашып» кетеді-мыс. Апам биылғы құралайдың салқынына қарап, киіктер жаппай төлдеп, дін аман өреді деп сеніп отыр. Мен де үнсіз кейуана жағындамын.