КӨРІМДІКТІҢ КӨЛЕҢКЕСІ
Тек, мемлекеттік қызметкерлердің ғана емес, жалпы қазақстандықтардың табысын айқындап, қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, елімізде ауқымды жобалардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Солардың бірі жақында енгізілгелі тұрған жалпыға бірдей табысты жариялау тәртібі. Айтулы жоба жүзеге асырылған жағдайда, көлденең және күмәнді табыс тізбегін үзіп, азаматтарымыздың адал еңбегімен нанын табуына жол ашатын боламыз.
Жарқын болашаққа жетелер жаңа заңның жағымды жақтары басым болғанымен, біздің болмысымызға кереғар тұстары да бар болып шықты. Атап айтар болсақ, табысты декларациялау тәртібіне сай, төменгі айлық мөлшерінен 160 есеге асатын сомманың қайдан келгенін қаржы иесі дәлелдеуге міндетті. «Онда тұрған не бар? Біздің болмысымызға (менталитетімізге) мұның қандай қатысы бар?» – дерсіз… Әгәрәки, ұлыңызды үйлендіріп, ұлан-асыр той жасап, беташары мен келін көрімдігі, қонақтардың сый-сияпатын қоса есептегенде 3 млн. 700 мың теңгеден астам табыс түсіп жатса, мұны сіз мемлекеттік органдарға хабарлап, табыс есебінде тіркетуге міндеттісіз. Тиісті сала мамандары қаржының қайдан жиналғанын дәлелдеуге мұрсат береді. Ол үшін талай табалдырықты тоздырып, қажет болған жағдайда сотқа жүгінуге құқыңыз бар. Қостанайлықтарға жат көрінсе де, оңтүстік өңірлерде қатты бағаланатын көне салт – қалың мал алсаңыз да, оны заңдастыру азаматтық парызыңыз. Көрімдік беруге құштар көкеңіз су жаңа дипломыңыздың арасына қомақты қаржы қыстырса да осы…
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік табыс комитеті, Методология басқармасының жетекшісі Дмитрий Шинкаренконың мәліметіне жүгінер болсақ, кіріс пен шығыстың барлығын да заңдастыру міндетті емес. Яғни, күнделікті нан мен сүтіңізге кетер шығын есепке алынбайды. Тек қымбат, құнды заттар ғана есепке алынуы тиіс. Мәселен көлік, жылжымайтын мүлік пен қымбат жиһаздар, құнды картиналар мен жәдігерлер есепке алынады. Оның өзінде, бұйым бағасы төменгі жалақы мөлшерінен 160 есеге асқан жағдайда ғана тіркеледі. Мүліктің (қаржының) қайдан келгенін дәлелдей алмасаңыз, ол үшін айыппұл төлейсіз, қосымша салық та қарастырылған.
Еліміздің «Азаматтық кодексіне» сай кез-келген келісім, сауда, айырбас, мұрагерлік немесе сыйға тарту іспетті әрекеттер нотариустың қолымен расталуы тиіс. Ендеше, тойдан түскен ырыздық-несібеңізді кәдеге жаратқыңыз келсе, тойшыл қауымға заңгерлерді де қосуды ұмытпаңыз. Немесе сотқа жүгініп, табыстың тойдан түскенін куәгерлермен куәләндыруыңызға тура келеді.
Салық саласы мамандарының пайымдауынша, қазақтың той-томалақтары болашақта көлеңкелі қаржыны заңдастырудың ошағына айналуы ықтимал. Көлеңкелі жолмен табыс тауып жүргендер шамалы той жасап, тапқан-таянғанын осы әдіспен заңдастыруы да ғажап емес. Жалпыға бірдей табысты декларациялау – осы тектес қитұрқы әрекеттерге тосқауыл қоймақ.
Елімізде табыс пен мүлікті декларациялау жүйесін енгізу алдағы жылға жоспарланған. 2017 жылы қолға алынатын шараға сай, мемлекеттік қызметкерлер сондай-ақ, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұлттық компанияның әкімшілік өкілдері, жеке тұлғалардың осы жүйеге барынша төселген топтары өз табыстарынан есеп береді. Ал, 2020 жылдан бастап, әрбір қазақстандық салық органдарына есеп беретін болады.
Елбасымыз айтқандай, бұл шара экономикамыздың үлкен бөлігін «көлеңкеден» шығаруға септігін тигізеді және бізді дамыған елдердің экономикалық транспаренттілік деңгейіне жақындатады. Көлеңкелі экономика – орнықты дамудың бірінші жауы және сыбайлас жемқорлықтың жақсы жолдасы. Сөйте тұра, барлық дамыған экономикалар табысты жаппай декларациялау үдерісін тек ХХІ ғасырдың басында ғана аяқтап, жолға қойды. Ел еңсесін тіктегіміз келсе, бізге де осы өткелден өтуге тура келеді.
Жұматай Кәкімжанов