Мемлекеттік кірістер жоспары өңірде артығымен орындалып отыр
Шағын және орта бизнесті қолдау – бұл Елбасының стратегиялық Жолдауында айтылған маңызды тапсырмалардың бірі. Президент дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін жалпы ішкі өнім көлемін 50 пайызға дейін ұлғайту керектігін де қадап тапсырды. Ал, бұл межеге жетуде кәсіпкерліктің тізгінін ұстаған бизнесмендер үшін әкімшілік кедергілерді азайту ауадай қажет. Міне, осы мақсатта еліміздегі салық, кеден және экономикалық қылмыстар бөлігіндегі қаржы полициясы органдарының бірігуі арқылы жаңа мекеме – Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінде Мемлекеттік кірістер комитеті, ал облыстарда департаменттер құрылған болатын. Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті де құрылғанына бір жыл толмасада қыруар іс тындырып үлгеріпті. Бұл туралы журналистермен өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік кірістер департаментінің бастығы Айбек Паяев мәлім етті.
Журналистермен ашық әңгіме барысында департамент басшысы ең алдымен алты айда атқарылған жұмыстар барысына тоқталды. Оның ішінде салық саласы, кедендік бақылау, мемлекеттік қызмет, орта және шағын бизнестегі әкімшілік кедергілерді азайту, мүлікті заңдастыру, көлеңкелі бизнес жайында кеңінен әңгімеледі. Айбек Мінәйінбекұлының айтуынша, мемлекеттік қызметте салық органының міндеті тек қана салық жинау ғана емес, салық қызметтерін сапалы ұсыну, себебі мұның бәрі салық органының имиджіне әсер етеді. Бүгінде салық қызметтерін көрсету үшін 20 аумақтық салық органдарында ақпаратты қабылдау және өңдеу орталықтары құрылған. Бүгінде жаңа комитеттің құрылуының арқасында бизнес-үрдістерді оңтайландыру нәтижесінде барлығы 23 салықтық қызмет автоматтандырылған. Үстіміздегі жылдың алты айы ішінде департамент бөлімшелері 318 мыңнан астам салық төлеушілер мен СЭҚ қатысушыларына 352 мың мемлекеттік қызмет көрсетсе, соның ішінде 79 пайызына мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілген. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап ХҚКО-ға тағы да қосымша 5 салық қызметін енгізу жоспарланып отырған көрінеді.
-Жаңа нұсқадағы бақылау-кассалық машиналары мен сим-карта алу сұрақтары бойынша техникалық қызмет көрсету орталығына хабарласуды ұсынамыз. Техникалық қызмет көрсету орталығының тізімі біздің департаменттің сайтында орналастырылған. Сондай-ақ, сайтта мемлекеттік тізілімге қосылған жаңа бақылау кассалық машиналардың үлгілерінің тізімі орналасқан, – дейді департамент басшысы А.Паяев.
Осы күні ведомство мамандары салық төлеуден жалтарған бірқатар жалған фирмаларды анықтап, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шараларын күшейткен. Мәселен, биыл лицензиясыз саудаға шығарылған арақ өнімдерінің біршамасы тәркіленген. Мұндай заңбұзушылықтар 95 сауда орындарында тіркелген. 11,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, 2582 литр көлемінде алкоголь өнімдері тәркіленген. Әсіресе, биыл көрші елдерге заңсыз алкоголь өнімдерін тасымалдаған бірқатар азаматтардың әркеті әшкере болған.
-Қазіргі таңда облыста көлеңкелі бизнеспен айналысушыларға қарсы күрес нәтижелі жүргізіліп жатыр. Соның ішінде заңсыз алкоголь өнімдерін сатушылармен күрес күшейтілді. Мәселен, осындай заңсыз айналым саласында 15 құқықбұзушылық тіркеліп, 26 млн. теңгеден артық соммаға 20 мың литр спирт тәркіленді, – дейді А.Паяев.
Жалған фирмалардың мемлекетке орасан зор шығын келтіретіні сөзсіз. Сондықтан, департамент заңға қайшы әрекет еткен азаматтармен де күресті күшейтіп отыр. Тексеріс барысында осындай заңсыз әрекеттің 19 дәйегі анықталған. Сондай-ақ, жалған құжат жасап, салық төлеуден жалтарған азаматтарға қатысты 63 іс түскен. Департамент мамандарының нәтижелі жұмысының арқасында заңсыз айналымнан жалпы сомасы 156 мың теңге 53 ақшалай банкнот тәркіленіп, ойын бизнесі саласында 1 астыртын казино қызметі мен 5 ойын автоматтары залы анықталған.
Жаңа департаменттің құрылуының нәтижесінде кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша кедендік әкімшілікті жетілдіру бөлігінде түзетулер енгізіліп отыр. Мәселен, кедендік декларация үшін қажетті құжаттар санын қысқарту, яғни экспорт кезінде 10 құжаттың орнына 3 құжат, импорт кезінде 12 құжаттың орнына 4 құжат болып қысқарды. Сондай-ақ, орта және шағын бизнес субъектілері үшін де жеңілдіктер пайда болды. Яғни, жоспарланған тексерулер тоқтатылып, жеке кәсіпкерлікті жоюдың оңайтылған тәртібі енгізілді. Жеке кәсіпкерлікті жою туралы шешім қабылданған кезде берілетін құжаттар азайып, салық өтініштерін қарайтын мерзімдер де қысқартылған.
Әлемдік нарықтағы күрделі жағдай облыс экономикасына да өз әсерін тигізбей қоймай отырған жоқ. Мәселен, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты (66,4 пайызға) мен “Варваринское” АҚ-ның (29,2 пайызға) шикізат өнімдеріне деген сұраныс төмендеп кеткен. Салдарынан, ел қазынасына түскен қаражат кеміді. Дегенмен, облыс бюджетіндегі жоспар 104 пайызға орындалған.
Қарлығаш ОСПАНОВА
Суретті түсірген Айбек Жүзбай