Адамның азғаны ма, заманның тозғаны ма?
«Адамның азғаны ма, заманның тозғаны ма?». Бұл сұрақ кезекті рет педофилия жайлы жаңалықты естіген сайын көкейіме кептетіледі. Шынымен, не боп барады өзі?! Осыдан он шақты жыл бұрын бұндай жаңалық елді дүр сілкіндірер сирек те қорқынышты қылмыс көрінетін еді. Сорақысы сол, қазір қай теледидар арнасына қойсаң да, қай газетті ашсаң да жиі айтылып-жазылатын оқиғаға айналды.
Қазақ қоғамында бұрын-соңды мұндай дерт болған ба еді?! Текті бабалар «бала – өмірдің гүлі, жолыңды жалғар ұрпағың, келешегің» деп санаған жоқ па! Дәуір дертіне тұсау салуға неге дәрменсізбіз? Айуандыққа баратын азғын адамдар10 шақты жыл ғана темір торда жазасын өтейді екен. Бар болғаны, сол ғана. Ал ашынған халық бұндай «хайуандарды» өлім жазасына кессе де артық емес деп жүр бір ауыздан. Хайуан екеш хайуан да төліне бұлай жасамас еді. Ардан безгендердің не көздерін жойып, не өмір бойына бас бостандығынан айырса қайтер екен!
Қазіргі таңда қылмыскерлерді өмір бойғы бас бостандығынан айыру туралы заң қабылданғанын білеміз. Ал статистикаға сүйенетін болсақ, Қазақстанда 2013 жылы педофилияға қатысты 95 істің 37-сі екі жақтың келісімге келуіне байланысты сотқа жеткізілмеген көрінеді. Сонда айрандай төгілген ар-абыройды да сатып алуға болатыны ма?! Ал құқық қорғау органдары қайда қарап отыр? Оны қойшы, бауыр еті баласының қасіретін саудаға салған «ымырашылсымақ» ата-аналар туралы не айтуға болады? Жағаңызды ұстамай көріңіз…
Қоғамның дертіне балта шабар құзіретті билік өкілдері ғана емес, ата-ана да, педагогтер де тәртіп-тәрбиеге болбырлық танытпауға күш жұмылдыруы керек-ақ. Әйтпегенде, елдің ертеңі сөзсіз бұлыңғыр болмақ. Өйткені, қылмыскерлердің көбі балалармен ғаламтор арқылы танысып, кейін жақын біліскеннен соң арамза ойларын іске асырып жатады. Қазір жастардың арасында танымал «Вконтакте» желісінде «Педофилия», «Суицизм» секілді жас сананы улайтын топтар мен ұйымдар толып жатыр. Мұндай жүгенсіз желілерді бұғаттау да қиындық тудыра ма? Қазақстанда 30 мыңға жуық баланың сол әлеуметтік желідегі эротикалық топтарға тіркелгенін статистика айтып отыр. Жақында әлгі ВК-дағы өрімдей бір қыздың жазбасына көзім түсті: «Өзім 14-темін, жігітімнің жасы – 26-да. Ол қазір Астанада жұмыста, бірақ сөйлесіп тұрамыз. Ол маған жақында келіп, анасымен таныстарытынын айтты. Мен не істейін, сондай қобалжудамын»,- деп жазыпты. Қарап отырсақ, 7-8 оқитын бала әлгі жігітпен өзі келісіп, кездесіп жүр. Бұл заң бұзушылыққа жатпайды ма, кәмелетке жасы жетпеген баласын бақылауда ұстамай ата-ана қайда қарап жүр екен?
Осындай жан түршіктірерлік жайттарды көре жүріп, қалай ғана бейжай отыра аламыз? «Өркениет заманы», «техника дәуірі», «жаһандану ғасыры» деп, болашағымызға балта шаптырып алмасақ игі еді…
Жақсылық Сара