«Қазақстан-Қостанай» телеарнасы 25 жылдығын атап өтті
Ширек ғасыр бойы астықты өңірдің тыныс-тіршілігінен хабардар етіп келе жатқан облыстық «Қазақстан-Қостанай телеарнасының құрылғанына 25 жыл толды.
Облыстық телеарна тұңғыш рет 1991 жылдың 1-ші ақпанында хабар тарата бастаған еді. Содан бері шығармашыл ұжым талай бел-белестерден өтті.. Оның қабырғасынан ондаған қарыммды қаламгер, республикаға есімдері белгілі журналистер өсіп шықты. Олар бүгінде еліміздің беделді басылымдарында, электронды бұқаралық ақпарат құралдарында абыройлы еңбек етіп жүр. Осының бәрі күні кеше сияқты боп көрінеді. Ал шындығында, алғаш ашылған жылдары «»Қазақстан-Қостанай телеарнасы бар болғаны 20-40 минуттық жаңалық хабарларын таратумен ғана шектелетін. Тәуелсіздікпен бірге түлеген телеарна жас мемлекетімізбен бірге шыңдалып, ширек ғасырлық уақыт ішінде өңірдегі игі жаңалықтардың шынайы жаршысы бола білді. Бүгінде «Қазақстан-Қостанай» телеарнасы тәулігіне 17 сағат хабар тарататын заманауи ақпарат орталығына айналды. Теларна хабарлары облыс аумағының 97 пайызын қамтиды.
Тобыл өңірінде тұңғыш ашылған телеарна тойына көптеген зиялы қауым өкілдері, облыстық департамент, басқарма басшылары, аудан әкімдіктерінің өкілдері келіп, құттықтады. Жекелеген журналистерді марапаттады. Айтпақшы, мерейтойға арналған салтанатты жиынға Астана, Көкшетау, Кереку өңірлерінен де бір топ қонақтар келіп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.Олардың арасында Астанадан арнайы келген «Қазақстан» РТРК Басқарма басшысының орынбасары Қайнар Олжай бар. Ол Басқарма төрайымы Нұржан Мұхамбетжанованың құттықтау хатын оқып беріп, бір топ тілшіге корпорацияның Алғыс хаттарын табыс етті.
Телеарна тойы бүгін күні бойы жалғасады. Бұл туралы газетіміздің келесі нөмірінде толығырақ баяндайтын боламыз.