Жүн түтіп, тері илеген
«Ерінбеген етікші болады» дегендей, ебін тауып еңбек еткендердің тасы өрге домалап, берекесі арта түсері сөзсіз. Осы орайда, пайда көзін тауып, жеке бизнесін ашқан жас кәсіпкерлердің жемісті жолын тағы да бір жариялауды жөн көрдік.
Бұл жолғы кейіпкеріміз – Дастан Байкенов Бақыткерейұлы есіміді азамат. Аманкелді ауданының тумасы. Кәсібі – ұсақ мал терісі мен жүнін өңдеу. Өңделген теріден қазақы оюмен өрнектелген кілем, алашалар тігеді. Тапсырыс көп. Кіріс те жаман емес.Дастанның тері илеу жөнінде алған арнайы білімі жоқ. Кәсіпке білек сыбана кіріскен еңбекқор тек тәжірибемен толығып, төселіп келеді. Сондай-ақ, ол Қостанай мемлекеттік университетін тарих, құқық және экономика негіздері бойынша, барлығын да қызыл дипломмен бітірген. Кейіннен Қостанай мемлекеттік педогогикалық институтында мұғалім болып жұмыс та істейді. Жас маманның ұстаздық жолында жарқын болашақ, жемісті мансап күтіп тұр еді. Оның білікті әріптестері Дастанның келешегінен зор үміт күтетін. Алайда, мардымсыз жалақыға көңілі толмаған оның басқа жұмыс орындарына деген қызығушылығы артады. Артынан таныстарының ықпалымен жеке кәсіп ашуды көздейді. Ол 2013 жылы Көкшетау қаласында тері және жүн өндеу кәсібін қолға алады. Қажетті жабдықтар да сол шаһардан табыла кетеді.
Тәуекелге бел буған ол қазір еш өкінбейді. Бір арнаға түскен бизнесіне қазір келер еш қауіп жоқ. Қазақстанның әр өңірінен тапсырыстар алады. Бүгіндері уақытша Тараз қаласында аялдаған. Керекті техникамен қаматамасыз етілген зауыттарды жалға алып, сол жерлерде кәсібін дөңгелетіп отырады. Кілем тігуді, оның түрлі дизайндарын жасауды өзінің қарындасына да үйретіп қойған. Бауырының да көмегі зор екенін айтады. Кейін ресейлік кәсіпкермен бірлесіп, "ELITE LEADER" (ЭЛИТ Лидер) ЖШС ашады. Қазір сол серіктестіктің директоры.
-Бастамас бұрын көп талқыладым. Кәсіп келешекте өрге баспай жатса қайтемін деп ойладым. Мемлекеттік қызметті місе тұтпай кетіп едім. Бір жағынан, дәл осы тері өңдеу біздің облыста некен-саяқ еді. Көп жоспарлап, ақыры ашатын болып келістік. Аз-мұз қиындықтары да болды, жасырмаймын. Елбасы да өз жолдауында, үндеуінде жиі айтады ғой, кәсіпкерлікті дамытып, отандық өнімдерді жарнамалау туралы. Міне, жасқанатын ештеңе жоқ, қазақ жігіттерінің де қолынан келетін шаруа екен,-дейді Дастан Байкенов.Таза табиғи теріден жасалған кілемге сұраныс көп. Оның үстіне сапалы теріге аяқ киім шығарушы зауыттар да қызығушылық танытып отырады. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырысқа қатысу да ойда бар. Кәсіпкер Дастан Байкеннің көкейде жүрген мәселесі де жоқ емес. Ол – Қостанай облысының жергілікті билік өкілдерімен келіссөз жүргізіп, Аманкелді, Жанкелдин сынды аудандарда осы кәсіпті жандандыру.
-Туған ауылға оралып, кәсіп көзін ашқым келеді. Жақын арада осы ойымды жүзеге асырсам ба деп жүрмін. Жергілікті билікпен байланысқа түсіп, сол кісілермен бірігіп істесем бе деймін. Біздің жақта мал шаруашылығы жақсы дамыған, халықтың күн көрісі де сол мал. Жергілікті тұрғындарға ақша керек. Сол малдың еті мен сүтінен, терісінен түскен пайдаға күнелтіп отыр. Мен олардан көбірек әрі тұрақты түрде тері сатып алып отырамын. Ауылдықтарды жұмысқа алар едім. Шалғай жатқан аудандарға бір зауыт немесе цех кедергі болмас еді,-дейді кәсіпкер.
Қазір мемлекеттік қызметтен шен іздемей, жеке кәсіпке жүгінгендердің асығы алшысынан түсіп тұр. Себебі, ол үшін біздің елде көптеген тиімді жолдар қарастырылған. Мүмкіншілік бар, қолдау бар. Оның үстіне, Қазақстан – жас мемлекет. Елде игерілмей жатқан байлық-қазбалардың, тың жобалардың баршылық екенін естен шығармаған жөн.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Дастан жарайсың
Жарайсын
Қайырлы таң! Сізге Бурабай ауданынан қойдың терісін жинап берсем болама? Бізде теріні свалкаға тастайды.