Ән де айтып, би де биледі
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қостанай облысы бойынша департаменті мен Қостанай облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподақ филиалының ұймдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында «Үздік мемлекеттік қызметшісі-2016» атты облыстық сайысы болып өтті. Үстіміздегі жылғы өткізіліп отырған байқауды-мерейлі деп айтуға болады. Қызметшілердің кәсіби шеберлігін, жан-жақтылығын, мәртебелігін, білім мен біліктілігін айқындайтын сайыс осымен өңірімізде оныншы рет өтіп отыр. Ақтық сайысқа облысымыздың барлық қала мен аудандарында өткен мемлекеттік қызметші сайыстарының іріктелген он екі жеңімпазы қатысты. Олар облыстық депаратменттердің, басқармалардың, инспекциялардың және қала, аудан әкімдіктерінің мемлекеттік қызметшілері.Байқауға қатысушылар берілген үй тапсырмаларын шебер орындай отырып, өздерінің шығармашылығын жан-жағынан көрсете білді. Өлең айтты, би биледі, мәнерлеп мәтін, өз шығармаларын оқыды, акробатикалық өнерлерін де ұсынды. Креативті өнер де болды. Қызметшілер сахнада нағыз өнерпаз бола білді. Ал, енді байқаудың екінші «Пікірсайыс» айналымында қатысушылар екі-екіден бөлініп, тапсырмалардағы тақырыптарды талдап, кәнігі пікірсайысшылар секілді өз ойларын, пікірлерін айтып, тақырыптарды дәлелдей білді. Байқаудың соңғы кезеңінде мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының заңдарын қаншалықты білетіндіктерін көрсетті.Сонымен, сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Аманкелді ауданы әкімі аппаратының бас маманы Дархан Бөгетбаев жеңіп алды. Екінші орынды облыстық прокуратураның өкілі Әлішер Асқаров, үшінші орынды Сарыкөл ауданы әкімі аппаратының бас маманы Алтынай Ахметова иеленді. Жеңімпаздар марапатталып, сый-құрметке ие болды.
Гүлназым САҒИТОВА.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.