“Алтын белгі” иегерлері марапатталды
Ұлттық бірыңғай тестілеуде өз білімдерін дәлелдеген екі түлекке аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин “Алтын белгі” марапаты мен облыс әкімінің Алғыс хатын және сыйлықтарын табыстады. Салтанатты шарада аудан басшысы түлектерді оқу жылын сәтті аяқталуымен құттықтап, Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары жетістіктерге қол жеткізгендері үшін ризашылығын білдірді.
-Биыл Жанкелдин ауданының түлектері білім саласының алтындарына лайық екендерін растап, ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтап шықты. Алтын белгілеріңіз алтын кілтке айналып, еліміздің кез келген жоғарғы оқу орнының есігін ашсын, – деді аудан әкімі.Мұнан соң аудан басшысы үкілеген үмітті ақтап, “Алтын белгіні” дәлелдеген Н.Г.Иванов орта мектебінің түлегі Аманжол Сапаров пен А.Қоңқабаев атындағы орта мектебінің түлегі Қарагөз Төлегенге “Алтын белгі” арнайы төсбелгісін тақты. Ал, үздік аттестатты Н.Г.Иванов орта мектебінің түлегі Мәдина Сапабек пен А.Қоңқабаев орта мектебінің түлегі Мәдина Арғынбайға тапсырды.
Жиында ата-аналар қауымы түлектерге ақжол тілеп, жеткен жетістіктерімен құттықтап, ұстаздар қауымына алғыстарын білдірді.Айта кетейік, биылғы 2015 – 2016 оқу жылын тәмамдаған 178 мектеп бітірушінің 84-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа 70,62 балл көрсетті, ал, білім сапасы 21,43 пайызды құрады. Аудан бойынша 100-ден жоғары балл жинаған оқушы саны 11 болды.
Гүлім ЫСМАҒҰЛ.
Жангелдин ауданы.