Білімге шақырған ұстаз

Қазақ халқының көрнекті педагог-ағартушысы  Ұлы ұстаз  Ы. Алтынсариннің  туғанына 175 жыл толуына байланысты Қостанай құрылыс колледжінде «Өнер-білім бар жұрттар» атты дөңгелек үстел аталып өтті.  Іс-шараның негізгі мақсаты –  Ы.Алтынсариннің әдеби мұрасын  насихаттау, қазақ балаларын  білім алуға шақырып, кәсіби білім берудің негізін қалауда үлкен рөл атқарған ағартушыны  сан қырынан таныту.

IMG_9348Дөңгелек үстел көрнекті жерлесіміздің өмірі мен қызметін  таныстыру тренингісімен  басталды. Ы. Алтынсарин атындағы  мемориалдық мұражайының ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі Б.Айғожина және ұстаз атындағы  облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы К. Измайлова қазақ  елінің ағарту саласында  Ұлы ұстаз Ы. Алтынсариннің  ерекше орын алатындығы,  қазақтың ұл-қыздарына арнап мектеп ашудағы рөлі, шығармалары еңбекке, білім мен ілім алуға, адамгершілікке, тәрбиелікке үндейтіні  туралы айта келіп,   педагогтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмелерін  қатысушылардың назарына ұсынды.IMG_9349

– Мақтаныш тұтар жерлесіміз, ағартушы-педагог Ы. Алтынсариннің кезінде айтып кеткен педагогикалық ой-пікірлері өзінің мән-мағынасын жоғалтқан жоқ. Ұстаздың бүкіл ғұмыры  мектеп ашуға арналды, қазақ балаларын білім алуға, кәсіптік мамандықты игеруге шақырды, оқу-әдістемелік құралдар жазды, мектеп үшін  жақсы мұғалімдерді даярлау керектігін айтқан-ды. Ал, осы айтқандарының бәрі де бүгінгі күні өзекті. Білім саласына білікті педагогтар керек пе, керек. Еліміздің экономикалық дамуына техникалық яғни кәсіптік  мамандықтарға ие болған  мамандар керек пе, керек. Ы. Алтынсарин қазақ халқының болашағы үшін  оқулық ретінде «Қазақ  хрестоматиясын»  жазған болатын. Ағартушы оқулықты жазудағы мақсатын хрестоматияның алғы сөзінде: «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына  жарайтын  кітап бола алу жағын көздедім…» – деп  тұжырымдаған, сондықтан әрбір білім беру саласындағы маман үшін асыл мұра деп айтуға болады,-деді құрылыс колледжінің оқу жөніндегі директордың орынбасары  Ғалия Султанова.

    Жиынға қатысушылар Ыбырай Алтынсариннің танымал өлең жолдарынан алынған "Өнер-білім бар жұрттар"атты тақырыптың  өзектілігін атап кетті. Колледж директоры  А.Шамшин, Рудный индустриялдық институтының аға оқытушылары С.Юнисова, Д. Тәжібаева сол секілді Челябі қатынас жолдары институты УрҚЖМУ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары О.Микрюкова, жауапты хатшы С.Зацепин өз сөздерінде ағартушы-педагогтың  педагогикалық көзқарасы, балаларды оқуға тарту, оларға лайықты білім беру сонымен бірге білікті ұстаз-тәлімгер даярлау, жақсы әдістемелік, дидактикалық оқу құралдары қажеттігі,  балаларға білім беру үшін   жақсы оқу әдісі, ғылыми басшылық жасау туралы өткен ғасырда айтқаны қазіргі 21 ғасырда да өзінің өзектілігін жоғалтпағандығын атап кетті.  Дөңгелек үстел аясында  сонымен қатар  студент жастар  ұстаздың өлеңдерін де оқыды.
 
Гүлназым САҒИТОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓