Тағы да қоныс тойы

Ұзынкөл ауданы Обаған ауылында шаруа қожалығы жұмысшыларына жаңа үй салып берді. Биыл тұрғызылған бес үйдің біреуіне бұрынғы нысаны әбден ескірген медпункт көшірілді.
Жаңадан бой көтерген әр үйге орташа есеппен 15 млн теңгеден артық қаржы жұмсалды. Әрқайсына су тартылып, газбен жылытатын пештер орнатылды. Жиһазбен де жабдықталған. Бұл іске «Мирас» шаруа қожалығының басшысы Болат Қарабаев ұйытқы болды.
Ауыл жұртының қуанышын Ұзынкөл ауданының әкімі Мұрат Сандыбаев та бөлісті. Жаңа үйлердің кілтін табыстап, «Зико» рестобарының салтанатты ашылуына қатысты.
«Кәсіпкер азаматтардың ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға үнемі көңіл бөлетіні қуантады. Осы Обаған ауылының өзінде оннан астам нысан ашылды, телефон байланысына арналған мұнара орнатылды. Бұл ауданның ғана мерейі емес, жалпы облыс, еліміз үшін де маңызды жұмыстар, Тәуелсіздігіміздің жетістігі», – деді аудан әкімі.
Шаңырағы шаттыққа кенелгендердің бірі – Азамат Танабаев. Ол шаруашылық басшысының жүргізушісі. Мұнда жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асты. Қоныс тойын тойлаған тағы бір тұрғын Руслан Оразбеков «Мираста» 15 жылдан артық тер төгіп келеді.
«Осындай үлкен, жаңа үйдің қожайыны боламын деп ойламаппын. Үй қаладағы баспанадан кем емес, бәрі бар. Отбасымды қуанышқа бөлеген Болат Жұмашұлына шексіз ризамын», – деді Руслан.
Обаған ауылдық округінің әкімі Марат Нұржанов кәсіпкер азамат ауылға жалпы сомасы 150 млн теңгеден астам сомаға 7 тұрғын үй және бір медпункт салып бергенін айтып өтті.
Жалпы, биыл ауылда айшықты істер жылдағыдан көп болды. Аудан қаражаты есебінен шағын футбол алаңы, сахна салынды. Сол маңдағы ашық алаңқайға спорт жабдықтары қойылды. Елді мекенді кеңейту, абаттандыру жұмысы алдағы жылы да жалғасады.
«Меценат келесі жылы тағы да 5 үй салуды жоспарлап отыр. Әр баспананың нарықтағы бағасы 17-20 млн теңге. Сонымен қатар, ауылда 2 шақырым жолға асфальт төселмек. Жобаның сметалық құжатын әзірлеуге кәсіпкер 750 мың теңге төледі», – деді округ әкімі.
Аслан Қанғожин

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓