Ананың қуанышы
Бүгінде елімізде пәтерден пәтерге көшіп, бір баспананың зарын тартып жүрген отбасылар саны аз емес. Әсіресе, үй-күйі жоқ көп балалы отбасылар үшін қиынның қиыны. Сондай жандардың қамын ойлаған “Қарекет” қайырымдылық қорының “1000 теңгеге баспана” атты акциясы баспанадан үміт үзген осындай отбасыларға үлкен қуаныш сыйлауда.
Әулиекөл ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Бақыт Нұрманова сонау Жанкелдин ауданының Ақшығанақ ауылынан осыдан үш жыл бұрын көшіп келген көрінеді. Жолдасы Берік төрт жыл бұрын жол апатынан қайтыс болыпты. Алты бірдей баламен жесір қалған келіншекке жарының қазасы оңайға тиген жоқ. Ата-анасының, ағайын мен туған-туыстың қолдауының арқасында есін жиды. Ауылда жұмыссыз отырғанша, қалаға қарай жылжуды ойлаған ол алты баласымен Әулиекөл ауданындағы сіңілісінің жанына көшіп келеді. Мұнда да жағдайының шалқып кеткені шамалы, үйден үйге көшіп, пәтер жалдап тұрды. Балаларға төленетін 59 мың жәрдемақы мен “Күміс алқа” үшін төленетін 15 мың теңге пәтерақы мен коммуналдық қызметтен, отын мен тамақтан да артылмайды. Ал, “Мектепке жол” акциясы арқылы берілетін қаражат арқылы балаларының жыртығын жамап отыр.
-Күйеуім балықшы болатын. Өзім үйде отырдым, ешқайда жұмыс істеген емеспін. Жолдасым өмірден өткен соң, жағдайымыз тым қиындап кетті. Әйтеуір, елдегі ағайынның күшімен күнелттік. Бірақ, қашанғы біреуге алақан жайып отыра береміз әрі ауылда жұмыс жоқ. Сосын әрі ойланып, бері ойланып Әулиекөлде тұратын сіңілімнің жанына жақындауды жөн көрдік. Биыл үшінші жыл осында тұрып жатқанымызға. Қазір ауыл шаруашылығы колледжінде есепші мамандығы бойынша он айлық курста оқып жатырмын. Жұмысқа орналасып, басымды бір сұғып алсам, әрі қарай жағдайым да түзеліп кетер деген үміттемін. Балалардың ақшасы күнелтуімізге жетеді, тек қыс кездерінде қиын, отынның өзі ақшаны қоймайды. Қиналған сәттерде амалсыздан жұрттан қарызға ақша алып, тірлік қылуға тырысамыз. Алақан жайып алған қарыздарымды әлі күнге шейін жаба алмай отырмын, – дейді көпбалалы ана Бақыт Нұрманова.
Әбден қиналған ана жақында қасиетті Рамазан айында аудандық Әмит ишан мешітінің бас имамы Нұрбол қажы Балахметовке барып, аз да болса ақшалай көмек беруін сұрайды. Үйден үйге көшіп жүрген анаға қалай да көмек қолын созуды ойлаған бас имам қолынан келгенше ақшалай жәрдем беріп қана қоймай, елімізде халықтың демеуімен мұқтаж жандарға үй немесе жер телімін алып беру мақсатында құрылған “Қарекет” қорына жүгінуге жол сілтейді. Содан көпбалалы ана қор жетекшілерінің бірінің телефон номерін алып, ватсап желісі арқылы байланысқа шығып, жағдайын түсіндіреді. Көп ұзамай, ол кісілер Бақытқа хабарласып, төрт күн ішінде ауданнан құны 2 млн. теңге көлемінде болатын үй қарауды тапсырады. Мұны естіген көпбалалы ананың қуаныштан төбесі көкке бір елі ғана жетпегендей еді.
-Қайырымды жандар хабарласып, үй әпереміз дегенде тілім байланып қалғандай күй кештім. Тіпті, сенер-сенбесімді де білмей, бас имамға хабарласып мән-жайды қайта бір анықтап алдым. Ал, енді төрт күннің ішінде үйді қайдан табамын. Содан сіңіліме хабарластым, әйтеуір ол компьютер тілін біледі ғой деп. Жанталасып үй қарадық, бәрі қымбат, ең арзан дегені 3 млн теңге тұрады. Әрең дегенде осы үйді таптық. Үй иесі 2 млн. сұрап отыр екен, мен жағдайымды айтып 1 млн 800 теңгеге түсіруін сұрадым. Алла разы болсын, сұраған бағамызға берді. Бірақ, қырсық қылғанда жердің құжаттары дұрыс болмай шықты. Үй қожайынның өз атында, ал жер әкесінің атында екен. Жер актісін қайтадан дайындау үшін ол кісі құжаттарын тапсырды, жақын күндері дайын болуы мүмкін. Ең бастысы, баспанамыз бар. Балаларымның көз жасын көрген шығар. Қайырымды жандарға айтар алғысымыз да шексіз, қайда жүрсе де ол кісілердің жолы бола берсін. Аллатағалам бізге жасаған сауаптарын екі есе қылып өздеріне қайтарсын, – дейді Бақыт Нұрманова.
Қасиетті Рамазан айының басында аталған қордың жетекшісі Алғадай Әбілғазыұлы арнайы келіп, көп балалы анаға үйдің кілтін өз қолымен тапсырыпты. Сауапты іс-шараға аудандық мешіттің бас имамы Нұрбол қажы Балахметов, мешіттің алқа мүшесі Әкімбек қажы Қабден, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Есенғалиев, Әулиекөл селосының әкімі Дүйсенбай Тілемісов қатысып, ал көп балалы әжелер Гүлнәр Жолдасқызы мен Евгения Павловналар да шашу шашып, көп балалы ананың қуанышына ортақтасып қайтқан көрінеді. Әкімбек қажы Қабденұлы қасиетті айда жасаған игілікті ісі үшін иманжүзді азаматтарға ақ алғысын жаудырса, ал Нұрбол қажы әулиекөлдіктердің атынан Алғадай Әбілғазыұлының иығына шапан жауып құрмет көрсеткен көрінеді.
“Қарекет” қорының құрылуына былтыр әлеуметтік желіде “Қазақстанда 10 млн қазақ бар екенбіз, әрқайсымыз 1 теңгеден жинасақ, барлығымыздан жиналған ақшаға бір айда бір отбасыға үй алып беруге болады екен” деп ой салған бір жігіттің идеясы түрткі болыпты. Осылайша, бір-бірін мүлде танымайтын адамдар желі арқылы танысып, кездесіп, ақыры “осы қайырымды іспен айналысамын” деген жеті адам бұл іске білек сыбана кірісіпті. Қордың басты мақсаты – халықтың демеуімен мұқтаж жандарға, оның ішінде жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі кісілерге, көп балалы және жалғызбасты аналарға үй немесе жер телімін алып беру, үй салуына көмектесу. Бүгінге дейін қор мүшелері әр облыста тұратын үйі жоқ көп балалы он беске жуық отбасыға пәтер алып беріпті. Соның бірі, міне әулиекөлдік Бақытгүл Нұрмановаға да бұйырып отыр. Ал, қордың кезегінде үйге мұқтаж осындай мыңнан астам адам тұрған көрінеді.
Бүгінде көп балалы ана “Қарекет” қоры арқылы қол жеткізген үйде тұрып жатыр. Үш бөлмелі үйдің іші өте жұпыны екен, ал оны жөндеп-жасқауға көпбалалы ананың шамасы жетпесі көрініп-ақ тұр. Ең бастысы, бастарында баспанасы бар әрі су мен әжетхана да үйге кіріп тұр. Дегенмен, көпбалалы анаға төсек-орын, ыдыс-аяқ, балаларына киім-кешек, азық-түлік жағынан көмек қолын созамын деген қайырымды кісілер болса біздің редакциямызға хабарласып, мекен-жайын алуларыңызға болады.
Қарлығаш ОСПАНОВА,
Суреттерді түсірген автор.
Әулиекөл ауданы