Ең үздік дәрігер – Қостанайда
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы (ДСДРО) «Өз кәсібінің үздігі-2016» конкурсының «Денсаулық сақтаудың ең үздік менеджер-ұйымдастырушысы» номинациясы бойынша жеңімпаздарын жариялады. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.

Үздік менеджерлерді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Денсаулық сақтау қызметкерлерінің республикалық кәсіподағы, Денсаулық сақтау ұлттық палатасы мен ДСДРО-ның өкілдерінен тұратын арнайы комиссия анықтады. Конкурсқа өңірлерде өткен іріктеу турында жеңімпаз атанған бас дәрігерлер қатысты.
«Денсаулық сақтаудың ең үздік менеджері» деген атаққа Қостанай қаласындағы №4 емхананың бас дәрігері Маргарита Бисенова лайық деп танылды. Екінші орынды Алматы қаласы туберкулезге қарсы ауданаралық аурухананың бас дәрігері Жанар Сәпиева, үшінші орынды Павлодар облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ардақ Күзеков иеленді.
Конкурстық комисссия төрағасы, ДСДРО бас директорының орынбасары Тимур Сұлтанғазиевтың айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы менеджмент нарық жағдайында аса үлкен маңызға ие. Бас дәрігерлер мекеменің бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз ету үшін емдеу үдерістерін ұйымдастыруда, кадрлық ресурстарды, қаржы ағымдарын басқаруда жан-жақты білікті болуы қажет.
«Денсаулық сақтаудың үздік менеджер-ұйымдастырушысы» конкурсы Қазақстанда 2011 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл оның финалы алғаш рет онлайн режимде өтті.
Қазақпарат