Қауіпті қайдан демеңіз…
Жаңа жылдық фейерверк, салюттер сататын кәсіпкерлердің қолында арнайы рұқсат етілген сертификаттар болуы тиіс. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Азамат Орынбаев журналистермен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Ол өз сөзінде, мұндай от шашатын ойыншықтарды аларда тұтынушылар сақ болуын ескертті.
-Пиротехникалық бұйымдардың қорабында заттың шыққан жері, телефоны, штрих-код және пайдалану мерзімі көрсетілуі тиіс. Әрбір тауардың сыртында осы тақылеттес мәліметтер болуы заңды. Өйткені, кейбір өндірушілер өз ісіне жауапсыз қарайды,-дейді депатамент өкілі.
Жалпы, мұндай қауіпті ойыншықтарды пайдаланарда абай болған жөн. Егер сақтау мерзімі үш жылдан асып кетсе, ондай құралдар адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Кейде бір-екі рет атылғаннан кейін отшашулар сөніп қалады. Ондайда балалар тез тұтанатын әлгіндей бұйымдарды әрлі-берлі аударыстырып байқап көруге құштар. Бұл бақытсыз оқиғаға әкелуі мүмкін. Сосын, жарылғыш заттардың білтесі 20 см-ден кем болмауы керек. Білтесі қысқа жарылғыштар адам өміріне орасан қауіп тудырады.
Депатамент келтірген деректерге қарағанда, жаңа жылдық мереке күндері өрт жиі тұтанады. Оның ішінде пиротехниаларға қатысты бірнеше оқиға орын алған. Мәселен, өткен жылдың 10-қаңтарына дейін облыста 67 өрт оқиғасы тіркеліпті. Соның салдарынан 11 адам зардап шегіп, 4 адам көз жұмған.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.