Баспасөз орталығы ашылды
«Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының баспасөз орталығы ашылды. Бұдан былай партиялықтар аталған орталықта басқосып, атқарған қызметтерін бұқараға баяндайтын болады. Дәл осы жерде халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, маңызды тақырыптарға арналған баспасөз конференциялары өтпек.
Баспасөз орталығының алғашқы отырысында «Нұр Отан» партиясының Лисаков қаласы мен Алтынсарин ауданындағы филиалдарының жұмыстары туралы айтылды. Жергілікті филиалдар төрағаларының бірінші орынбасарлары баяндама жасап, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сияқты мемлекеттік маңызы бар бағдарламалардың жүзеге асуына тоқталды.
Партияның Лисаков қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Игорь Неявко шаһардың тыныс-тіршілігі таныстырды. Шағын қаланың экономикасы ірі кәсіпорындармен тығыз байланысты. Лисаковтағы үш ірі кәсіпорын өңірдің өркендеуіне үлес қосып отыр. Ал партиялықтар тұрғындар үшін тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыруда. Қоғамдық қабылдаулардың кестесі жергілікті БАҚ арқылы хабарланады. Айтары бар азаматтар партия белсенділерімен бетпе бет жүздесіп, толғандырған мәселені ортаға салады. Мұндай кездесулердің нәтижесі де жақсы. Мәселен, жыл басынан бері 273 адам қоғамдық қабылдауға жазылған. Соның ішінде басым көпшілігінің айтар базынасы әлеуметтік салаға қатысты. Жұмысқа орналасу және баспана кезегі. Соңғы жылдары тиісті еңбекақысын ала алмай жүрген азаматтар да көбейген. Биыл дәл осындай мәселеге тап болған 43 адам партияның қоғамдық қабылдауына қатысты. Көмек сұраған тұрғындардың 32-нің мәселесі оң шешімін тапты. Мұндағы қоғамдық қабылдаулардың қорытындысы партия қызметінің ашықтығын, жеделдігін және нәтижелілігін көрсетіп тұрғандай.
«Нұр Отан» партиясы Алтынсарин аудандық филиалы жұмыспен қамту мақсатындағы жәрмеңкелердің ұйытқысы болып жүр. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру, олардың құқықтарының сақталуына ерекше көңіл бөлуде. Аудандық филиалдың бастамасымен соңғы екі-үш жылда сыбайлас жемқорлықты болдырмау шаралары қолға алынды. Осы мақсатта «Өзіңнен баста» акциясы мен «Чекті тапсыр да, пәтер ұтып ал» байқауын ұйымдастыру дәстүрге айналған.
– Баспасөз орталығын ашудағы мақсат – париялықтардың қызметін халыққа жеткізу, түсіндіру. Биылғы жылдың аяғына дейін жергілікті 21 филиал осында келіп есеп береді. Мұндай кездесулер ай сайын өтеді деп жоспарланған,-деді «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы баспасөз қызметінің жетекшісі Серікбай Шаймағанбетов.
Қымбат ДОСЖАНОВА.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.