Талабы таудай Ермахан
Ермахан Бағдәулет – Лисаков қаласындағы №3 орта мектебінің 8-сынып оқушысы. Оқуда үлгілі, қоғамдық шараларда белсенді өрен өзінің ерекше дауысының арқасында өңірге танылып келеді. Бала жастан әнге құмар жеткіншек бастапқыда қалалық өнерпаздар сайысында көзге түсе бастаса, 2014 жылы «Алтын микрофон» ән байқауының облыстық іріктеуінде дипломант атанды. Өткен жылы аталған ән жарысының халықаралық деңгейінде өнері жоғары бағаланғанын айта кету керек.Ал биылғы жыл Ермахан үшін табысты жыл десек, асыра айтқандық емес. Облыстық «Алтын микрофон» фестивалінің ІІ дәрежелі жүлдегері атанды. Республиканың басқа қалаларында да өтетін додаларда биік тұғырдан көрініп жүр. Жақында Қарағанды қаласында үшінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық «Тұлға» байқау-фестивалінде Ермахан гран-при иегері атанды.
Ерте жастан өнерге келген өрімнің бойындағы дарын арғы тегінен дарыды. Атасы Бешей заманында суырыпсалма ақын, жезтаңдай әнші, отырған жерін думанға бөлеген сықақшы ретінде айналаға таныс болған адам. Халық театрында көрсеткен өнерін сол орта әлі ұмытқан жоқ. Ермаханның әкесі Бағдәулет те жасынан өнерге жақын болды.
Осындай текті атаның ұрпағын бүгінгі күні Лисаков қалалық музыка мектебінің ұстазы Наталья Каракиян баулып келеді. Ендеше, бағындырар биігің көп, өнерің үстем болсын, Ермахан!