Сұраңыз, жауап береміз
Сұрақ:
Жітіқара қаласының қазақтарынан қатты көңілім қалды. Көшеде жүрген шалы да, жасы да бір-бірімен орысша шүлдірлесіп жүргені. Қазақтардың бір-бірімен орысша сөйлейтіні әдетке айналып кетсе де, ондайларды көрсем арқам құрысып, шекем тырысып, төбем көтеріле бастайды, тіпті ауырып қалам.
Құрметті "Усойқы", данышпаным, сіздің не білгеніңіз бар, бұл қазақтардың аузы қашан "түзеледі"?
Құрметпен, Қазақбай.
Құрметті Қазеке! Орысша сөйлейтін қазақтар үшін ар-қаңыздың құрысып, шекеңіздің тырысып қалатындығына қатты қиналып, күйзеліңкіреп отырмыз. Бірақ бұл үшін жалғыз Жітіқара қазақтарын кінәлауға болмайды. Орысша сөйлейтін қалалар, қазақы ауылдар, кемпір-шалдар, министрлер, депутаттар толып жатыр. Бірақ олар тектен-текке орысша сөйлемейді. "Бірдеңені" білген соң сөйлейді.
"Баяғыда" СССР деген алып елді басқарған жалтырбас Хрущев:
"Орыс тілін неғұрлым жедел игерсек, коммунизмді де соғұрлым жедел орнатамыз. Орыс тілін білмейтіндер коммунизмге "жіберілмейді" деп керемет ақыл айтпап па еді.
Міне, құрметті Қазеке, Жітіқараның және басқа да жақтардың қазақтары неліктен қазақша сөйлемейді. Олар сіз бен біз сияқты аңқау емес, қу ғой, коммунизмге тезірек жетіп алмақ қой. Сосын "Алма піс, аузыма түс" деп рахаттанып шалжиып жатпақ. Ал сіз мұны түсінбейсіз де "арқам құрысады, шекем тырысады" деп қайдағы бір жоқты шығарасыз. Арқаңыз құрыспақ тұрмақ, бүрісіп қалса да олар үшін коммунизм қымбат. Так что, тырыспаңыз, құрыспаңыз, "аузың қисық" деп ешкіммен ұрыспаңыз.
Құрметпен, "Усойқы".