Кәсіпкерлер жылды қорытындылады
Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасы жылды табысты қорытындылады. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов баяндама жасады.
Өткен жылы облыс аудандарындағы кәсіпкерлердің 70 пайыздан астамы шағын несиеге қол жеткізген. Палатаның тегін сервистік қолдауына жыл басталғалы бері Қостанай облысынан 250 кәсіпкер ие болған. Аудандар мен шағын қалалардан 194 кәсіп иесі көмек сұрап келген.
– Ең алдымен, шағын және орта бизнесті ашу бойынша түрлі кеңестер беріп келеміз. Қазір көбісі қаржылық институтарымен қалай жұмыс істеу керектігін білмейді. Аудандық филиалдардың мамандары мен басшылары кәсіпкерлерге микронесие алуға құжаттар пакетін дайындауға көмектесіп тұрады. Жалпы, облыста «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бері мақтанатын көрсеткіштеріміз жетерлік, – деді Мұрат Әбенов.
2016 жылдың басынан 220 кәсіпкер түрлі қызмет көрсету орталықтарын ашқан. Соның арқасында шалғай аймақтарда тұрғындарға қажетті азық-түлік және киім дүкендері, шеберхана, дәріхана жұмыс істеп келеді.
Былтырғы жылдың сәуір айынан бастап бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде «Бизнес кеңесші» жобасы жүзеге асырыла бастады. Кәсіпкерлік курсы бойынша 2 мың қостанайлық дәріс алды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 105 жоба дайындалған еді. Олардың 82 тыңдаушысы бизнес субъектісі ретінде тіркелса, 6 адам гранттардың иегері атанды.
«Атамекен» ҰКП бастауымен облыстың ЖОО-на дуальды оқыту жүйесі енгізілді. Мәселен, биыл осы жүйе бойынша Қостанай құрылыс колледжін 17 түлек тәмамдады. Қостанай автомобиль көлігі колледжі көптен бері қалалық кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып үлгерген. Дуальды оқыту жүйесіне көшкендердің қатарында Әулиекөл ауылшаруашылық колледжі де бар. Барлығы 84 кәсіпорын, 93 кәсіпкер мен мыңнан астам студент жұмылдырылған.
Шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік органдардың заңсыз тексеруінен қорғау үшін палата облыстық прокуратурамен бірігіп бірқатар кешенді жұмыстар атқарып жатыр. Соңғы екі жарым жылда 50 сот ісіне қатысып, оның 50 пайызын кәсіпкерлердің пайдасына шешкен палата заңгерлері тоқсан сайын сараптамалық жұмыс жүргізіп отырады. Мұрат Әбеновтің айтуынша, түрлі құқықбұзушылықтар бойынша кәсіпкерлерден 372 шағым түскен. Осы текті жұмыстар қалалық және аудандық деңгейдегі палата филиалдарында да жүргізілді.