“Айман-Шолпан” – сахнада
І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры биылғы жылдың маусымын “Айман-Шолпан” қойылымымен аяқтамақ. Музыкалық комедия Қостанай театрының сахнасында алғаш қойылып отырғанын айтпай кетпеуге болмас. Мұның да өзіндік себебі бар екен.Театрда қызу дайындықтың соңғы күндері. Себебі биылғы жылдың маусымы анау-мынау емес М.Әуезовтың музыкалық комедиясымен аяқталғалы отыр. Сахна төрінде әндеткен Айман мен Шолпан. Оларды қоршаған кейіпкерлер. Ән әуелейді. Сахнаның төменгі жақ шетінде оркестр мүшелері орналасқан.
–Театрда бұрын соңды музыкалық қойылым қойылған емес. Бұған себеп театрда оркестр мүшелері отыратын арнайы орын қарастырылмаған. Және тағы бір жағдай арнайы музыкалық факультетті бітіріп келген мамандар тапшы. Қазір, енді, қолда барымызды қанағат тұтып, жоқтан барды жасап отырмыз, – дейді театрдың бас режиссері Ерсайын Төлеубай. –Қойылымның тарихы тым тереңде жатыр. Бұл тарихи дүние. Бірақ уақыт өте келе белгілі бір себептермен түпкі негізі өзгеріп кетті де тек жеңіл формасы қалды. Біз де сол формамен қойып отырмыз. Түпкі варианты сақталмаған да, оны зерттейтін адам болса көп дүние бар.
Бұл Ресеймен бірлескен жоба. Сондықтан оркестрге дирижері РФ еңбек сіңірген әртісі Эхтибар Ахмедов арнайы шақыртылған және Ерсайын Төлеубаймен қатар қойылымның музыкалық режиссері РФ еңбек сіңірген әртісі Сергей Александровский де келіпті. Суретші де Астанадан келген. Мұрат Мақсұтов бұрын да Қостанай театрына “Гамлет” спектакльіндегі еңбектерімен таныс.
Кеше болатын премьера еліміздегі қаралы күнге байланысты кейінге шегерілді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ